Шымкенттік воркаутшы жігіт Street Workout-тан әлем кубогіне жолдама жеңіп алды. Алматы қаласында өткен Оңтүстік Қазақстанның ашық кубогінде 17 жасар Хамит Асылбек күміс жүлдені ұтып алды.
Төрешілер жарыстағы Хамиттің өнерін жоғары бағалаған. Екінші орын алғаны үшін спортшы әлемдік жарыстарға қатысуға мүмкіндік беретін сертификатқа қол жеткізіп отыр.
— Енді өзімнің жазғы каникулымды жаттығуларға арнаймын, — дейді хамит Асылбек. — Әлем кубогі қазан айында Алматыда басталады. Оған дейін тыңғылықты дайындалуым қажет. Себебі, қарсыластарым әлсіз емес. Сонда болса мен бас жүлде үшін күресемін.
Хамит Асылбек Шымкенттегі белгілі «XIII Legion» воркаутшылар командасының мүшесі. Бұл команда үш был бұрын құрылған. Содан бері жігіттер қаладағы аулаларда салауатты өмір салтын қалыптастырып жүр. 2014 жылдың соңында «XIII Legion» командасы Астана қаласында өткен әлем чемпионатында үздік деп танылды.