Славян этно-мәдени орталығының бастамасымен көрме-жәрмеңке ашылды

882

Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өту жалғасып жатыр. Меретой аясында славян этно-мәдени орталығының өкілдері қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесін қолға алды. Игі шараның ерекшелігі сол — түскен пайданың белгілі бір бөлігі балалар үйіне аударылады.

7041

Көрмеде Елена Перескоктің еңбектері ерекше көзге ұрады. Себебі шебер мұнда минералды және тау жыныстарының тастарынан жасаған әшекей бұйымдарын әкелген. Мың көркем тастармен көмкерілген сырға, моншақ, жүзік, білезіктің барлығы да осында. 20 жылдан бері осы кәсіптен нәпақасын тауып жүрген азаматша тастарды өңдеу оңайға соқпайтынын айтады.

Елена Перескок

Елена Перескок, шебер: «Біз мұндай көрме-жәрмеңкеге жиі қатыстамыз. Халықаралық шараларға да барамыз. Себебі ақық тастар тек Қазақстанда бар. Қарағанды облысындағы Бақ дала жазығынан алып, өңдейміз. Мәселен, ақықтан мынадай бір ғана мойынтұмарды өңдеу үшін 1 күн уақыт кетеді. Оны 2500 теңгеден сатамыз, отбамысызбен осы кәсіпті қолға алғандықтан, айына шамамен 100 мың теңгедей табыс табамыз.»

Жәрмеңкеден түскен мұндай қомақты қаржы енді қолөнершілердің қалтасына толығымен түспейді. Славян этно-мәдени орталығы өкілдерінің сөзіне сенсек, мұндағы әрбір шебер қайырымдылық жасауды жөн көрген.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=zzXfTHUQtTM[/youtube]

Татьяна Тарасенко, славян этно-мәдени орталығының өкілі: «Еңбек авторлары кез келген туындысын немесе түскен пайданың белгілі бір мөлшерін осында орнатылған арнайы жәшікке салады. Тіпті қала тұрғынары да өз үлесін қосса да болады. Соңында ол жәшік Төлеби ауданына қарасты №2 балалар үйіне жеткізіледі. Яғни, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға осылай қуаныш сыйламақпыз.»

Көрмеде көздің жауын алар әшекейлерден бөлек тұрмысқа қажетті бұйымдар да бар. Қазақтың ұлттық қолөнері мен славян және өзге де этнос өкілдерінің мәдениет-болмысынан сыр шертер туындыларды да табасыз.


Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы аясында қолға алынған шарапаты мол шара 17 наурызға дейін жалғасады. Жалпы, бұл көрмеге 2000-ға тарта қолөнер туындылары қойылып отыр.