Зейнетақы жүйесінде тағы өзгеріс

2017 жылдың бірінші шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтілімінің мерзімімен есептеледі. Бұл туралы Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді. Зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер жайында мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы ОҚО филиа-лының директоры Сағира Айтанаеваға хабарласып білген едік.

11-001

Сағира Айтанаеваның айтуынша, зейнетақы жүйесіндегі бұл өзгерістер 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Қазақстанның зейнетақы жүйесін әрі қарай жаңғырту тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылуда.

– Бүгінгі күні барлық зейнеткерлерге еңбек өтілі мен еңбекақысына қарамастан 11 182 теңге көлемінде базалық зейнетақы төлемі аударылады. Жаңартылған жүйеге сәйкес 2017 жылдың 1-ші шілдесінен бастап базалық зейнетақы төлемі еңбек өтіліне қарай тағайындалатын болады. Ол дегеніміз егер адамның еңбек өтілі 10 жылдан аз болса базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құрайтын болады. Ал еңбек өтілі 10 жылдан асса, әр жылға 2 пайыздан қосылып отырады. Еңбек өтілі 20 жылды құрайтындар үшін зейнетақы мөлшері күнкөріс деңгейінің 70 пайызын, еңбек өтілі 35 жыл және одан артық болса базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің толық мөлшерімен есептеледі. Сондай-ақ, басшы жаңа тұжырымдамаға сәйкес 2018 жылдан бастап жұмысшылардың БЖЗҚ-дағы дербес зейнетақы шотына ай сайын 5 пайыз міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы аударылып отыратынын айтты.

– Міндеттік кәсіптік зейнетақы жарналары еңбек жағдайы зиянды (ерекше зиянды) жұмыстарда істейтін азаматтардың жұмыс берушілерінің есебінен аударылады. Яғни, мұндай санатқа жататын жұмысшылардың БЖЗК-дағы дербес зейнетақы шотына ай сайын ұсталатын 10 пайыз міндетті зейнетақы жарналарынан бөлек 5 пайыз міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары түсіп отырады. Жинақ шартты болып табылады, мұраға қалдырылмайды және жүйеге қатысушының меншігі болып табылмайды, – деді Сағира Айтанаева.

Зейнетақы жарналары толық және уақытылы аударылмаған жағдайда жұмыс берушіге қандай жауапкершілік жүктеледі деген сұрағымызға басшы төмендегідей жауап берді: 

– Егер жұмыс беруші қызметкердің айлық табысының 10 пайызын немесе кәсіптік зейнетақы жарнасының 5 пайызын уақытылы аудармаған жағдайда оған айыппұл салынады. Яғни, салық органдары оған әрбір өткізілген күн үшін қайта қаржыландыру соммасының 2,5 еселенген мөлшерінде өсімпұл салады.

11-002

 

Міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден кімдер босатылады?

– Бірыңғай жинақтаушы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден:

– Мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленгендер;

– Бірінші және екінші топтағы мүгедектер;

– Зейнеткерлік жасқа толғандар;

– Зейнетақы төлемдерi 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн тағайындалған;

– Әскери қызметшiлер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, шені бар және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар босатылады.

Ескеретін жәйт, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасына жеткен кезде және зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі бес жылдан кем болмаған жағдайда тағайындалады. Зейнетақы өмір бойы төленеді және мұраға қалдырылмайды.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ