Қазақстандық экономистер зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін алуды тоқтатуды ұсынып отыр. Мамандардың уәжіне сүйенсек, халықтың ақшаны жаппай шешіп алуы жүйеге айтарлықтай нұқсан келтірді: баспана бағасын шарықтатып, салымшылардың болашақ қоржынын ортайтты. Қазірдің өзінде көптеген отандасымыздың шотындағы сома мардымсыз. Ал бұл қарттық шақтағы қаржылық қиындықтарға әкелуі мүмкін.
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу туралы шешім — соңғы жылдардағы ең даулы мәселе десек артық айтқандық емес. Бастапқыда бұл қадам көпшілікке баспаналы болуға, емін төлеуге немесе қарызынан құтылуға берілген үлкен мүмкіндіктей көрінген. Алайда бүгінде экономистер оның кері әсерін көбірек айта бастады. Жұрт жинақтарын жаппай шешіп алды. Тіпті, емделуді желеу етіп, делдалдар арқылы ақшаны қолма-қол шығарып алатын көлеңкелі әрекеттер де көбейді.
Нәтижесінде салымшылардың шоты босап қалды. Сәуірдегі мәлімет бойынша, бес миллионнан астам адамның жинағы бір миллион теңгеге де жетпейді. Мұндай жағдайда алаңсыз қарттық туралы айтудың өзі қиын.
МЕРУЕРТ МАХМҰТОВА, PUBLIC POLICY RESEARCH CENTER ДИРЕКТОРЫ: «Болашақта зейнетақымен қамту саласында үлкен қиындықтар туындауы мүмкін. Еліміздегі тоғыз миллион жұмыс күшінің тең жартысында тұрақты зейнетақы аударымдары жоқ. Мүмкін, бұл пікірім көпке ұнамас, бірақ мен зейнетақы активтерін алуға толықтай тыйым салу керек деп есептеймін».
Экономистер бұл шешімнің қысқа мерзімді тиімділігі болғанын жоққа шығармайды. Себебі, біраз жұрт үй алып, денсаулығын түзеді, әрі бұл қаржы ел экономикасында қалды. Дегенмен, нарық бұған тез әсер етіп, жылжымайтын мүлік бағасы күрт өсті. Ал ең басты мәселе — зейнетке шыққандағы күнкөріс қалай болмақ? Өйткені уақыт өткен сайын азық-түлік, дәрі-дәрмек пен коммуналдық қызмет құны тек қымбаттай беретіні анық.
ЖАНІБЕК АЙҒАЗИН, AERC БАС ДИРЕКТОРЫ: «Бұл ертең адам зейнетке шыққанда алатын төлемінің азаюына тікелей әсер етеді. Иә, жүйеде ынтымақты зейнетақы үлесі бар, бірақ қалай болғанда да, зейнеттегі табыс деңгейі адамның жұмыс істеп жүрген кезіндегі табысынан әлдеқайда төмен болады».
Бірінші сәуірдегі есеп бойынша, тек бес жүз мыңға жуық қазақстандықтың жинағы шекті деңгейден асады. Енді мамандар бұл межені есептеу тәртібін қайта қарауды көздеп отыр. Жаңа жүйе бойынша, әр салымшының жасы, өмір сүру ұзақтығы, күтілетін төлем мөлшері мен инфляция деңгейі жеке-жеке ескерілмек.
Ботакөз Әнуар






