Úı ANONS Зейнетақы жинағындағы қаржыны емге жұмсаңға шектеу қойылады

Зейнетақы жинағындағы қаржыны емге жұмсаңға шектеу қойылады

Біріңғай зейнетақы қорынан емделуге өтінім беру тоқтатылды. Бұл туралы «Отбасы банк» ресми сайтында жариялаған. Аталған шешімге не түрткі болды? Бұл жайлы қоғам көзқарасы қандай? 

Енді қазақстандықтар зейнетақы қорындағы қаражатқа емделе алмайды. Ақпаратты Отбасы банк ресми сайтында таратты. Берілген дерек бойынша өтінім қабылдау уақытша тоқтатылған.

«ОТБАСЫ БАНК» АҚ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
«2026 жылғы 12 қаңтарда сағат 19.00-ден бастап enpf-otbasy.kz платформасында БЗЖ (біріңғай зейнетақы жинақ) есебінен емделуге өтінімдер қабылдау тоқтатылады. Отбасы банкі Денсаулық сақтау министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, БЗЖҚ есебінен медициналық қызметтерді алуға қойылатын талаптарды қайта қарайды және зейнетақы артықшылықтарын мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру тетіктерін пысықтайды. БЗЖ-ын пайдалану арқылы емдеуге өтінімдерді қабылдауды қайта бастау туралы талаптарды түзету аяқталғаннан кейін қосымша хабарланатын болады».

Мұндай шешім өтінімдердің күрт артуына байланысты қабылданған. Сондықтан ережелер қайта қаралып, тетіктер толық жетілдірілгеннен кейін қайта іске қосылады. Мәселен, бір айдың ішінде қазақстандықтар онкологиялық ауруларды емдеудегі радиохирургия қызметіне ақы төлеу үшін 7 мыңнан астам өтінім берген. Ал бұған дейінгі жылдары мұндай жағдайлар небәрі 500 рет тіркелген екен.

Сарапшылар бұл шешімде белгілі бір қисын барын айтады. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру барлық қызмет түрін қамтымайтынын және ақылы медицинаның үлесі әлі де жоғары екенін ескеру қажет. Сондықтан жекелеген азаматтардың әрекеті басқа тұрғындардың медициналық көмек алу мүмкіндігін шектемеуі тиіс.

ҚАЙЫРҒАЛИ КӨНЕЕВ, САРАПШЫ: «Көбіне науқастар ақылы мед қызметтер алады. МӘМС-ке көбісі сенбейді. Сол үшін ақылы алғанды дұрыс көреді. Онсыз да БЗЖ-да қаражаты артық адам көп емес. Ол адамдарға да өзін не балаларын емдеуге қаражаттар керек болар еді. Сол үшін қалдырған дұрыс деп ойлаймын».

Ал бұл өзгеріске тұрғындрдың көзқарасы да әрқилы

«Негізі емге, аса бір қажетті жағдайларға болуы керек деп ойлаймын. Себебі адамның өзінің жинаған ақшасы гой».

«Пайдалы 100 пайыз. Мысалы көп адамдарда ақшасы аз, жетпейді. Қаражат жетпейді емделуге. Негізі жақсы проект еді».

«Ол жайында негізі хабарым жоқ. Бірақ зейнетақы қорына тәуелді емес шығар. Медициналық сақтандыру деген бөлек емес пе?»

«Әр адам өзінің жинаған ақшасын зейнетақы жеткілікті шегіне шыққан соң ғана жарату керек деп ойлаймын».

Айта кетейік, бұған дейін «Отбасы банк» зейнетақы жинағын тіс емдеу, көз емдеу және пластикалық операцияларға пайдалану бойынша да шектеу енгізген болатын. Себеп, қаражаттың мақсатсыз жұмсалу фактілеріне байланысты.

Ботакөз Әнуар