Шымкенттегі №88 жалпы орта мектепте соғыс майдангерлерін ұлықтау үшін даңқ бұрышы ашылды. Ұлы жеңістің 70 жылдығына арналған шарада сұм соғыста жандарын пида етіп, ерліктің үлгісін көрсеткен соғыс және ауған соғысы ардагерлерінің суреттері мен олардың өмірлері туралы мәліметтер ілінген.
Айгерім Шымырбай, оқушы: «Мұндай даңқ бұрышы кез келген адамды отансүйгіштікке баулиды деп ойлаймын. Әсіресе мектепте жүрген оқушылар осында үзіліс кезінде келіп, соғыс ардагерлерінің өмірімен таныса алады. Үнемі біліп, жадында жүреді деп ойлаймын».
Ал келесі көрініс нақ бір соғыс жылдарын еске салады. Мұнда зеңбірек пен өзге де қарулар қойылған. Қазылған окопты да көре аласыз. Тіпті бірімен бірі айқаса атысқан ұшақтар да ілінген.
Оқушылар тарихи жәдігерлерді өзге сыныптастарына ой салар деген оймен өз қолдарымен жасап шығарыпты. Сондай-ақ, 1941 жылы Кеңес Одағын жаулап алуды жоспарлаған «Барбароссо» картасының сызбасын жерге төсеп, жүзеге аспағанын айшықтайтын көріністер қойған.
Сонымен қатар «Ерлік даңқы — мәңгілік» атты шараның соңы мерекелік концертке ұласты. Оқушылар, әсіресе соғыс жылдары жарыққа шығып, көптің жадында қалған әндерді шырқады. Би билеп, ерекше көңіл күй сыйлады. Жас ұрпақ ардагерлердің ерлігін ұмытпауға, құрмет көрсетуге уәде берді.