Шымкентте өткен «Бес институттық реформа. 100 нақты қадам: Ақпараттық қамту және ілгерілету» тақырыбында өткен аймақтық журналистер форумына қатысқан республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін облыс әкімі Асқар Мырзахметов қабылдады.
Өңір басшысы Елбасы жүктеген міндеттерді іске асыру бағытында облыста арнайы іс-шаралар әзірленгенін хабарлап, жоспарланған шаралар аясында жүйелі жұмыс жүргізілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, жергілікті билік пен БАҚ арасындағы байланысты нығайту, ашықтық пен жариялықты қамтамасыз ету мақсатында «Оңтүстік» ақпарат орталығы құрылып, жұмыс бастағанын айтты.
Өз кезегінде халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы Шамшидин Паттеев форумда айтылған құнды ой-пікірлерді кеңінен баяндаса, «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп мемлекет басшысы айқындап берген реформаларды БАҚ-та тиімді насихаттау жайының ұлтымыздың ұйытқысы саналатын оңтүстік өңірінен басталғанына алғысын білдірді.
Кездесу кезінде қонақтар облыс орталығының сәулеттік келбетінің артқанына ерекше тоқталып, форум жұмысының өрісті әрі БАҚ үшін жемісті болғанын атап өтті.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі