Төлеби ауданында тағы да базарға қатысты шу шықты. Бұл жолы «Достық» сауда орнынан дау көтерілген. Сатушылардың айтуынша, сот 19 шілдеге дейін санитарлық және өрт қауіпсіздік талаптарына қатысты кем-кетіктерді түзеуге мерзім берген.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=nRzwJC4Hroc[/youtube]
Жергілікті кәсіпкерлер жанын салып, олқылықтарын орнына келтірсе де құзырлылар базарды ашуға рұқсат бермей жатыр екен. Аудандағы атқамінерлердің бүйрегі басқаға бұрып тұр деп ашынады төлебиліктер.
Леңгірдегі «Достық» базарының сатушылары бұл жолы ерекше ашулы. Кем-кетігін түзеп, олқылықтарын орнына келтірсе де құзырлылар қарекетіне кедергі келтіруде дейді. Өрт қауіпсіздік талаптары мен санитарлық нормаларға сын жоқ. Бірақ аудандағы атқамінерлер әйтеуір осы базарды жабуға құмары артып отыр деп ашынады.
Айта кету керек, бұл Достық базарының тарихы тереңде жатыр. Сауда орнының жұмыс істеп келе жатқанына 70 жылдың жүзі болыпты. Содан бері талай тұтынушы тауарға қарқ болса, талай кәсіпкер осы жерде қартайыпты. Бірақ төрт айдан бері мұндағыларға тыныштық жоқ екен. Сатушылардың қуғынға ұшырауына жаңа базардың ашылуы себеп дейді жұртшылық. Ал ауданның әр түкпіріндегі ауылдардан арып келетін адамдар да Достық сауда орына үйреніп қалған.
Қазір кәсіпкерлер өзара 500 мың теңгеден жинап, өзіне тиесілі сауда орындарын заманауи талапқа сай етіп жасақтап қойған. Бірақ соның өзінде құзырлылардың қуғынына ұшырап отырмыз деп жыларман күйде. Бұған дейін талай мәрте аудандық әкімдіктің табалдырығын тоздырған сатушылар осы жолы да биліктегілердің есігін қақты. Алайда әкімдіктегілер босағадан әрі аттатпады.
Бұдан соң тек тілшілер ғана шенеуніктермен тілдесуге мүмкіндік алды. Аудандағы атқамінерлердің айтуынша, базарларға қойылған талап туралы үкіметтің қаулысы шыққан. Ол 2003 жылдан бері қолданысқа енгізіліпті. Бірақ сол 12 жылдан бері бұл «Достық» базарын жабу биліктің есіне неге енді түсіп кеткені түсініксіздеу болып қалды.
Дегенмен, тиісті талаптардың бәрін тап-тиянақты етіп орындап шыққан сатушылар базарды жабуға келгенде сан түрлі сылтауы таусылмайды деп ашынады. Бірақ қалың қауым да айтқанынан қайтпаймыз дейді. Құзырлылар қуғынға салуды қоймаса, Леңгірдің орталық жолын жабамыз деп бекініп отыр.
Мақсат Жақсыбаев