Жаттанды білімнен жаңаша үрдіске көшу

Биылғы оқу жылы Оңтүстік өңірі үшін айрықша жетістіктермен ерекшеленді. Тарқатып айтар болсақ, биыл «Алтын белгі» иегерлерінің саны 608-ге жетіп, былтырғымен салыстырғанда 173-ке артты. Ал, ҰБТ қорытындысы бойынша облыстың орта көрсеткіші 78,7 балды құрады.

26-005

125 балға түлкібастық Лаура Абдазимованың қолы жетті. Мақтарал ауданында Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның, Түркістан қаласы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының, Мақтарал ауданы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлектері үздіктер сапында алдынғы орынға шықты. Дей тұрғанмен, үздіктер қатарынан көрінуге келгенде мақтануға тұрарлық мектептердің көшке ілеспей қалғаны өкінішті-ақ. Әсіресе, облыс орталығындағы білім ордаларына артылған үміт салмақты болатын.

Сондай-ақ, министр А.Сәрінжіпов өңірдегі білім деңгейінің көңіл көншітерлік жағдайда екенін ескеріп, облыс басшысы А.Мырзахметовке алғыс айтты. Әрине, мұндай құрмет өңір басшылығына ғана тиесілі емес-ті. Осынау білім жолында етене ізденіп, барынша тер төгіп жүрген ұстаздардың адал еңбегі десек артық айтқандық емес-ті. Жалпы, оқушының білімді, озық ойлы және жеке тұлға ретінде қалыптасуына ұстаздың ықпалы зор. Десек те, әлі күнге дейін мектептер дәстүрлі оқыту жүйесінен алшақтай алмай жүр. Кеңестік кезеңде берілген білім жүйесі ескірмейтін.

Берілген білімнің негізінде завод-фабрикалардағы жұмыс жүріп жататын. Ал қазіргі білім күнделікті өзгеріске ұшырап жатыр. Мамандардың пайымдауынша, оқушыларға ескі үрдіспен білім бергеннен гөрі, жаңаша әдіске көшкен абзал. Яғни, жастың ақпаратты іздеп, оны өңдеп, қолдан жасап, дамыту әдістерін үйренуі қажет. Демек жаттанды білімнен жаңаша үрдістерге көшкен жөн. Бұл ретте педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыру, білім беру жүйесін жаңғырту секілді маңызды мәселелерді ескеру керек.

26-003

Педагогтар біліктілігін қалай арттырады?

Елімізге Кембридж университеті ғалымдарының оқыту тәсілі, яғни жеті модуль идеяларынан тұратын білім беру мен білім алудағы жаңа бағдарлама енгізілгеніне біршама уақыт болды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – мұғалімдердің педагогикалық тәжірибесін жетілдіру мен бағалауға көмектесу. Яғни, оқушыға дайын білім бермей, оны дамыта оқытып, ізденушілік-зерттеушілік әрекетінің ұйымдастырылуын, игерген білімін іс-әрекетте пайдалана алуын көздейді. Ал негізгі мазмұны жеке жеті модуль түрінде берілген.

Осы мақсатта облысымызда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының ғимаратында мектеп мұғалімдері біліктілігін арттырудың 3-ші деңгейі бойынша үш айлық курс іске асырылды.

Лаура Искакова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ ОҚО филиалының директоры:

– Біліктілікті арттыру жүйесінде алғаш рет Кембридж университетінің Білім беру факультеті және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен бірлесіп дайындалған бағдарламалар бойынша бірыңғай отандық жаңа мазмұндағы деңгейлік курстары қарқынды өткізілуде. Аталмыш деңгейлік курстар бойынша 2012 – 2015 жылдар аралығында біздің институтта 3 966 ұстаз біліктілігін арттырды. Орталықтағы қысқа мерзімді курстардың оқу бағдарламалары 90% жаңартылған. 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында институт базасында 4270 педагог қысқа мерзімді курстардан өтті.

Оқушылардың функционал-дық сауаттылығын қалыптастыру, педагогтардың инновациялық технологияларды игеруі мен тәжірибелерінде пайдалануы мақсатында қысқа мерзімді курстардың мазмұнына толық меңгеру технологиясы, сыни ойлау технологиясы, М.Монтессори, Н.Зайцев, М.Жанпейсова, үшөлшемді әдістемелік жүйе және ШТДТ (шығармашыл тұлғаны дамыту теориясы) педагогикалық технологиялары тиімді пайдаланылып жатыр.

Институттың біліктілікті арттырудағы тағы бір заманауи жұмыс бағыттарының бірі тиімділік мониторингісі. Оның мақсаты біліктілікті арттыру курс-тарынан өткен ұстаздардың мектептегі оқу үдерісінің кәсіби қызметі сапасының өзгеруін бақылау. Нәтижесінде шешуді талап ететін мәселелерді талқылау, озық педагогикалық тәжірибе жинақтау және тарату мақсатында сертификатталған мұғалімдердің қауымдастығы арқылы жүйелі түрде іс-шаралар жүргізіледі.

Сонымен қатар ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, шебер-сыныптар, тренингтер, үздік мұғалімдердің жетістіктерін насихаттау мақсатында педагогикалық байқаулар, олимпиадалар өткізіліп тұрады.

Курстың мұғалімге берері – оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастыру. Мұғалімнен гөрі оқушы көп ойланып, көп талқылап, достарымен көп сөйлесіп, әрекеттенуі керек. Ал мұғалімнен өз сабақтарын оқушының идеясын, білім-біліктілігін дамытуға ықпал ететін міндеттерге сай етіп ұйымдастыру талап етіледі. Мұндай міндеттер оқушылардың оқыған тақырып бойынша білімдерін өз деңгейінде көрсетіп, кейбір болжамдар бойынша күмәнды ойларын білдіре алатындай пікір-көзқарастарын нақтылап, жаңа ұғым-түсініктерін өрістетуге орайластырылып құрылады.

Барлық оқыту үдерісін ұйымдастырып, көшбасшылық жасайтын мұғалім болғандықтан, бағдарлама ең алдымен, мұғалімге қарай бағытталады. Өйткені мұғалімдер ойлау қабілеттері жоғары деңгейде дамыған оқушыларды қалыптастырғылары келсе, онда алдымен өздерінің де терең ойлау қабілеттерін дамытқан жөн. Сонда ғана біржақты, «тек менікі дұрыс» деген сенімнен гөрі, жаңашыл идеяларға деген көңіл көкжиектері ашылып, жаңаша қалыптасуы мүмкін.

26-004

Сонымен қатар, курста әлемдік тәжірибе мен қазіргі заманғы мектептердің талаптары ескеріле отырып деңгейлік курстардың тақырыптары жеті модуль бойынша анықталатын болады. Олар: білім берудегі жаңа педагогикалық технологиялар; сыни ойлау жүйесі; оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау өлшемдері; орта білімдегі менеджмент және 12 жылдық оқытуға көшу жағдайындағы құзыреттілік негізде оқыту; ІСТ, «e-learning» оқытуды пайдалану; дарынды балалармен жұмыс істеудің қазіргі заманғы технологиялары.
Курстық әзірліктен өтіп, біліктілік емтиханын тапсырған мұғалімге тиісті сертификат тапсырылады. Біліктілік емтиханын тапсыра алмаған мұғалімге оны қайта тапсыру мүмкіндігі ұсынылады.

Лаура Сапарбекова

«Оңтүстік Рабат, №26, 01.07.2015