Сыныпқа сыйымдылық сары уайымға салса, кітап қажеттілігі де қиындық туғызуда. Оңтүстіктің мектептері оқулықтармен 49 пайызға қамтылған. Яғни, 50 пайызға жетпейді.
Ал республика бойынша бұл көрсеткіш 94,7 пайызды құрады. Бұл туралы білім және ғылым министрлігі хабарлайды. Еліміздің барлық өңірінде оқулықпен қамту жағдайы ауыз толтырып айтарлықтай. Алайда Оңтүстік Қазақстан облысы әзірге көш соңында келеді.
Дегенмен, әлі де болса, өңір шенеуніктерінің 20 тамызға дейін бұл ахуалды реттеп алуына мүмкіндігі бар. Әзірге Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарын қаржыландыру мәселесінде түйткілдер бары анықталды. Аталған облыстардың әкімдеріне оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу үшін қаражат іздеуге шұғыл шараларды қолдану туралы хат жолданыпты.