Шымкент қаласының әкімдік ғимараты

Қала әкімдігі ұялы телефондағы WhatsApp желісі бойынша тұрғындармен бірлесе жұмыс жасауды бастап кеткелі он күннен асты. Осы уақыт аралығында әкімдіктің шұғыл желісіне екі жүзге жуық смс-өтініштер түсіпті.

Шымкент қаласы әкімдігінің ғимараты
Шымкент қаласы әкімдігінің ғимараты

Қалалық әкімдік замануи үлгіде өтініш қабылдап, тұрғындарға бір табан жақындауды жөн көрді. Әсіресе, интернетке байланғандар үшін WhatsApp жүйесін қосып, әр минут сайын өтініш қабылдап жатыр. Қала әкімінің кеңесшісі Нұрлыбек Жеңісбектің айтуынша, кез келген фото-арыз бойынша фото-есеп жасалады.

Нұрлыбек Жеңісбек, қала әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы: » Тұрғындардың жіберген суретін, арыз-шағымын біз сол күні қарап, орындауға тырысып жатырмыз. Тиісті инспекторлар сол бойынша нақты тапсырмалар алып, қызмет жасап жатыр. Елу сұрақ орындалу үстінде».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=gPAGmGaTYR4[/youtube]

Еске салайық, байланыс желі қосылған күні-ақ алғашқы шағымдар түсе бастаған болатын. Алғашқы болып Желтоқсан көшесі мен Бауыржан Момышұлы даңғылының қиылысындағы әсемдік салонының қызметшілерінің ерсі қылығына арыз түсіпті.

Мұнда шаштараздар жол бойына орамал-сүлгілерін жайып тастап, салғырттық танытқан. Жағдайдан хабардар болған Абай полиция бөлімінің тәртіп сақшылары араға аз-кем уақыт салып, айтылған орынды тексереді. Нәтижесінде әсемдік салонының басшылығына 20 айлық көрсеткішке тең айыппұл салыныпты.

Әкімдіктің байланыс желісіне түсіп жатқан өтініштердің басым бөлігі қаланың тазалығына қатысты. Сондай-ақ, көше құрылысына қатысты 23 сауал, коммуналдық қызметке қатысты 27 сауал, тұрғын үйге қатысты 10 шағым түскен.

Олай болса, қандай да бір келеңсіз жағдайдың куәгері болсаңыз немесе қала тынышына қатысты мәлелелер туындаса, міндетті түрде әкімдіктің 8 777 885 85 13 немесе ішкі істер бөлімінің 8 778 885 85 ұялы телефонына WhatsApp арқылы хабарласуыңызға әбден болады.