Ғалымдар: «Шымкент тарихы – кемінде 2200 жыл»

1001
Шымкент

«Ғасырлар тоғысындағы қала». Шымкенттегі М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де тарихшы, ғалымдар мен студент жастардың, тілшілердің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Шымкент

Биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығымен айшықталғанын негізге ала отырып аталған шараға қатысушылар ОҚО орталығының тарихы мен тағылымы мол тұстарын, дамып, өркендеу кезеңдері туралы пікірлерін ортаға салды.

Соңғы 10 жылдықта өзге мемлекеттердің жазба деректерінен алынып, жариялана бастаған мәліметтер мен Шымқала туралы сан алуан тың мағлұматтар ғылыми конференциялар мен ауқымды кеңестерге негіз болып келеді. Кемінде 2200 жылдық тарихы бар деген тұжырым да осындай басқосуларда жасалғаны бүгін жастарға тағы да айтылды.

Жыл сайын Шымқаланың туған күні жақындағанда оның тарихы мен болашағы туралы сөз қозғауға дайынбыз. Оның өзге қалаларға ұқсамайтын, алысқа кетсең сағындыратын, өзінде жүрсең еш жалықтырмайтын ерекше қасиеті барын бүгінде барлығы мойындайды. Шараға арнайы шақырылған зейнеткер Ұлықпан Бәшенов облыс орталығына алғаш келген сәтін ұмытпайды. 17 жасар бозбаланың асқақ арманы орындалған жер де осы – Шымқала екен.

Осы уақытқа дейін ғалымдардың көбі қазіргі Шымкент қаласының аумағындағы қоныс мекендер XI-XII ғғ. болған деген тұжырымдамасына сенімді еді. Жасыл желекті қаланың аты 1735 жылғы материалдарда Чимин деген атпен айтылады. Ол кезде бұл қала Ұлкен Қырғыз ордасы хандарының иелігінде болған деген дерек те жоқ емес.

1813 жылы Сібір корпусының арнайы тәржімалаушысы Филип Назаров өзінің естеліктерінде былай деп жазады: «Бұл қала Бадам өзенінің жағалауында, қыратта орналасқан. Қаланың кіреберісінде бір адамдық қана жолы бар. Атты адам жүрсе, өзгелер сыймай да қалады. Мұндағы үйлер қолдан құйылған кірпіштен соғылған. Терезелері жоқ. Ал есіктері үнемі ашық тұрады.»

Ал келесі бір деректер бойынша Шымкенттің тарихы бұдан да ертеректе жатыр. Бұған дәлел археологиялық қазбалар мен құрылыс барысында табылған қабырлар болды. Археологтар осы дүниелерге қарап өз болжамын тереңдете түсті. Ол бойынша Шымкент – гүлденген, жасыл қала, тарихы біздің эрамызға дейінгі V-VІ ғасырларға тән. Дөңгелек үстел басында ой айтып, баяндамасын оқыған ғалымдар да осы деректер негізінде мәліметтерін айтты.

Зәуре Оралбаева