«Айфонмен» ұрыны ұстаған оқушы марапатталды

587
Байсерік Сапархан

Оңтүстікте зияткерлік қозғалысты дамытуға шымкенттің педагогтары мен оқушылары атсалысуда. Белсенділер бас қосып, ғылыми-тәжірибелік кеңес өткізді. Онда өңіріміздің әлеуеті мен экономикасының дамуы бойынша тың бастамалар айтылды. Жаңа жобалар түзілді

Конференция аясында ғылыми жобалар жазып, оны қорғауда жүзден жүйрік танылған көшбасшы шәкірттер мен өңіріміздің қауіпсіздігіне үлес қосқан оқушылар марапатталды. Оларға «Жас қаламгер», «Жас ғалым» арнайы аталымдары бойынша төс белгілер мен медальдар тапсырылды. Арасында алаяқтарды қолға түсіруде тәртіп сақшыларына қолғабыс көрсеткен шәкірттер де болды.

Байсерік Сапархан

Байсерік Сапархан, Алпамыс батыр атындағы №40 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы: «Үйімізге бір топ ұры түсті. Автокөлікпен қатар ұялы телефондарымызды, өзге де құнды дүниелерді тонап кетті. Оны байқаған анам маған келіп айтты. Мен жүгіріп барып компьютерге отырдым да, «айфон» ұялы телефонға қондырылған құпия санды тере бастадым. Осылайша алаяқтардың қайда екенін көріп, полицейлерге хабарлап отырдым. Араға 1 сағат салып ұрылар ұсталды. Мен өте қуаныштымын, бүгін маған «Жас ғалым» медальін берді. Алдағы уақытта да заңгер мамандығына оқуға түсіп, елімнің қорғанысы үшін қызмет етемін деген арманым бар».

Марапатталған ұстаздар қауымы

Бұдан бөлек бас қосуда «Қазақ тарихындағы менің ауылымның, қаламның орны» ғылыми жұмыстар сайысы да қорытындыланды. Осылайша кеңесте 71 оқушының мерейі үстем болып, көшбасшы оқушылардың қатарын толықтырды. Үздік шәкірттердің ұстаздары да марапаттан шет қалмады. Арнайы алғыс хатты еншіледі. Ал ғылыми бастаманың ұйымдастырушылары жас ғалымдарға деген қолдау әлі де жалғасатынын айтады.

Жарқынбек Төлтебай, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» ОҚОФ жетекшісі: «Жеңімпаз оқушыларға біз бағыт-бағдар беруден жалықпаймыз. Алдағы күндері Қазақстан ұлттық мұражайымен келісіп, онда да осындай ғылыми-тәжірибелік конференция өткіземіз, үздік оқушыларды үлкен құметпен дәл осылай марапаттаймыз деп отырмыз. Бұл бастама жастардың ғылымға деген қызығушылығын арттырады».