Мәскеуде қазақ романсын кім орындайтыны анықталмады

335

Оңтүстікте «Қазақ романсиадасы — 2015» өнер байқауы мәресіне жетті. Биыл 18-рет қолға алынған халықаралық сайсықа жергілікті және шетелдің 52 өнерпазы қатысқан болатын. Топ жарған таланттардың есімі де белгілі болды.

Қарлыға Бердияр
Қарлыға Бердияр

 

Орыс романсиадасының алғашқы жүлдесі астаналық Азат Мәлік, шымкенттік Жадыра Абдуллаева және өзбекстандық Ақылбек Ниязов иемденді. Сондай-ақ, «Романсиада аруы» мәртебесін қытай сұлуы Жун Дин иемденді. Ал «Қазақ романсиадасы — 2015» өнер байқауының бірінші орнын жерлесіміз Қарлыға Бердияр жеңіп алды.

Қарлыға Бердияр, «Қазақ романсиадасы — 2015» өнер байқауының бірінші орын иегері: «Қазіргі әсерімді өзбен айтып жеткізе алмаймын, өте қуаныштымын. Күтпеген жеңіс болды. Менің дауысым — қоңыр дауыс, қазақы жуан дауыс, Қазақстан бойынша 4 адамда ғана кездесетін, сирек кездесетін табиғи дауыс. Қазылар алқасы соны ескергеніне рахмет!»

Қорытынды кешті әдеттегідей Ресейдің өнер қайраткері, еңбек сіңірген әртісі Галина Преображенская жүргізді. Бір қызығы, өнер бәскесіне қазылық еткен ол байқаудың бас жүлде иегерін жариялаған жоқ.

Галина Преображенская
Галина Преображенская

Галина Преображенская, Ресейдің өнер қайраткері, еңбек сіңірген әртісі :»Расында өнерпаздардың дауысы, олардың дайындығы өте жоғары деңгейде болды. Алдағы уақытта бас жүлдені жеңіп алатындай дәрежеде өнер көрсететіне сенемін. Шығармашылық табыс тілеймін, бірақ әзірге Мәскеудегі ақтық сынға кімнің баратынын шешкен жоқпын.»

Қорытынды кеште жеңімпаздар сапынан көрінген өнер иелері романс орындап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Бұл олардың бекзат өнерге ғана емес, күнгейлік тыңдармандарға деген құрметін көрсетсе керек.

Елена Пак, көрермен: «Байқауды басынан бастап тамашаладым. Қазылар алқасы әділ шешті. Көрші Өзбекстан елінен келген таланттарға да тәнтімін, рахмет!»

Осылайша 52 өнерпаздың 27-сі жеңімпаз ретінде танылып, оларға жүлделер мен арнайы сыйлықтар табысталды.