Шымкентте қазақ романсы шырқалды

305

Шымкентте қазақ романстары шырқалып жатыр. Қалада бекзат өнердің патшасы – романсиада байқауы өтті. Осымен 17-ші рет қолға алынған өнер бәсекесіне өзге өңірлермен қатар шетелген келген 43 өнерпаз жолдама алған.

Ділдар Мірсадықова
Ділдар Мірсадықова

Ділдар Мірсадықова – байқаудың жас қатысушыларының бірі. Үміткер Ташкент қаласынан келген. Бұл сайысқа жыл бойы дайындалыпты. Сахнада атақты сазгер Александр Алябьевтің «Бұлбұл» шығармасын орындады.

Ділдар Мірсадықова, үміткер, Ташкент қаласы: «Қобалжу сезімдері бар, әлі де уайымдап тұрмын. Романс әндерін орындап жүргеніме биыл 3-жыл. Әрине дауыс ырғағын реттеу, оны кең диапазонда орындау өте қиын. Бірақ менің әнге деген құштарлығым мені биікке жетелейді деп сенемін. Қарсыластарым да осал емес. Егер жеңіске жетсем, жеңісімді туған жеріме арнаймын».

Кеш жүргізушілері
Кеш жүргізушілері

Биыл 17-рет қолға алынған өнер бәсекесінің аталуы өзгерген. Сайыс «Қазақ романсиадасының аймақтық ашық байқауы» деп аталды. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, бұған шараның өңіраралық болуы себеп. Бірақ Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстаннан келген үміткерлер арнайы сұраныспен қатысуда.

Байқауға 43 үміткер қатысуда
Байқауға 43 үміткер қатысуда

Алексей Скибин, «Қазақ романсиадасы аймақтық ашық байқауының» көркемдік жетекшісі: «Биыл қатысушыларға талап қатаңдады. Байқауда өзгерістер бар. Енді сайыстың 2-кезеңіне жолдама алған үміткер міндетті түрде қазақ романсын орындауы тиіс. Қазылар алқасы үміткерлердің диапазонына және оның шығармасына баса назар аударады».

Байқау өзгерісі бұл ғана емес, бүгінге дейін қазылар алқасы 7 адамнан құралса, енді ол 2-ге қысқарды. Және төрешілердің төрайымы – әдеттегідей, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Галина Преображенская. Айтпақшы, көрермендер арасында жерлестеріміз ғана емес, шетелдіктер де бар.

Ирина Переберзева: «Әрине, байқау қатысушылары өте талантты, шығармаларды жүрекпен сезініп орындайды. Оған көремендердің қолдауы себеп деп ойлаймын. Өте белсенді, тәнтімін. Биыл ресейліктер осы байқауға арнап арнайы номинация, яғни, өз еліміздің атынан сый әзірлеп отырмыз. Ең жас қатысушыға «Күміс тиын» тартуын табыстаймыз».

Айта кетейік, ХVII қазақ романсиадасы аймақтық ашық байқауына 43 өнерпаз қатысып жатыр. Жеңімпаз Ресейде өтетін ақтық байқауға жолдама алады.