Мәртөбелік ағайын алғысын арқалап, «Отырар» телеарнасына арнайы келді. Ауыл тұрғындары осындағы қоқыс алаңының жабылуына атсалысқан журналистердің еңбегін елеп, арнаның басшысы Валентина Куликоваға алғыстарын білдірді.
Тұрғындар тілшілердің тындырымды тірлігіне ризашылықтарын білдірді. Еске салайық, Мәртөбедегі қоқыс полигоны соттың шешімімен өз жұмысын тоқтатқан болатын. «Таза қала» мекемесінің қызметкерлері шешімді екі етпестен, алаңнын есігіне темір құлып салды.
Бұл жағымды жаңалық ауылдықтарды қуантты. Олар бірден тазалық күнін ұйымдастырып, көшет екті.
Бұл қоқыс алаңын жабу туралы ауыл халқы 2005 жылдан бері айтып келеді. Алайда ауылдың қала құрамына кіруі мәселені ушықтырып жіберген. Алты ай көлемінде тұрғындар наразылық білдіріп, ақыры дегендеріне жетті. Бүгінгі таңда қала басшылығы Ақтас елдімекеніндегі жаңа қоқыс полигонынан бөлек қаланың солтүстік ауданынан тағы бір қоқыс алаңын ашуды жоспарлап қойыпты.
Мәртөбе елдімекеніндегі қоқыс алаңы жабылғалы ауылдықтар тынысымыз ашылып, экологиялық ахуал реттеле бастады дейді. Енді олар жағдайдың осылай сақталып қалу үшін ары қарай да күресе беретіндерін жасырмады.
Нұрлан Жаңабай