Бельгия корольдігінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Мишель Петерманс ресми сапармен Оңтүстік Қазақстан облысына келді. Елші мырза өңір басшысы Б.Атамқұловпен кездесіп, екі жақты қарым-қатынасты жақсарту мәселелері талқыланды.
Басқосуда мәртебелі мейман бельгиялық компаниялардың сумен қамтамасыз ету жүйелерін, суды тазарту, қоқыстарды кәдеге жарату және мелиорация саласындағы тәжірибесін Оңтүстік Қазақстан облысында қолдануды ұсынды.
Облыс әкімі аталған ұсыныстарға қызығушылық танытып, аймақтың туристік мүмкіндіктері мен оның даму әлеуетін әңгімеледі. Елші Мишель Петерманстың өңірге жасаған ресми сапары екі күнге созылады. Ол Шымкенттегі индустриялды аймақ пен арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорындардың қызметімен танысады деп күтілуде.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі