Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту Оңтүстіктен басталады

315

Оңтүстікте 2014 жылы бастауын алған мал шаруашылығын дамытуға арналған өңірлік бағдарлама енді республика бойынша жалғасады. Осыған орай Шымкентте «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасын практикалық тұрғыдан іске асыру мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті. Бұл бастаманы «Нұр Отан» партиясы мен денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бірлесіп жүзеге асырады.

Ауыл тұрғындарына 6 млн теңгеге дейін 5 жыл мерзімге төмен пайызбен шағын несие беру жөніндегі партия ұсынысын үкімет қолдады. Тұрақты жұмыс орындарын ашуға, жеке қосалқы шаруашылықтар негізінде отбасылық бизнесті дамытуға бағытталған бұл жобаның қаржыландырылуы «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы іске аспақ. Шағын тауарлық өндірісті дамытуға қаражат бөлу жөніндегі меморандум 5 пилоттық өңір — Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарымен жасалды.

Айта кетейік, «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы 2014-2016 жылдары Оңтүстік Қазақстанда іске асырылған мал шаруашылығын дамыту бағдарламасының оңды тәжірибесі негізінде жүзеге асырылмақ. Бағдарламаны іске асыру басталғалы бері 26,4 мың тонна ет, 13,2 мың тонна сүт өндіріліп, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылған. Одан басқа тұрақты түрде сүт өткізуден табыс алатын 30 682 адам қамтылған.

Шағын тауарлық өндіріс пен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне шағын несие беру мәселелері жөніндегі Оңтүстік Қазақстан облысының оңды тәжірибесін ескерген партия Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесе 2016 жылғы 11-12 қаңтарда Шымкент қаласында жобаны практикалық тұрғыдан іске асыру мәселелеріне арналған семинар-кеңес өткізді.

Жиын барысында салалық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер шағын несиелерді қаржыландыру механизмдерін, «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы аясында мал шаруашылығын дамытуда ауыл шаруашылығы кооперацияларын құру мәселелерін талқылады.

Шара барысында кеңеске қатысушылар Оңтүстік Қазақстан облысының аудандарында болып, несие алушы фермерлермен кездесіп,  өңірдегі қосалқы шаруашылықтардың жұмысымен танысатын болады.