Мұрат Онал «Қыраннан» кетті

491
Мұрат Онал
Мұрат Онал

Соңғы үш маусымда шымкенттік «Қыран» футбол командасының намысын қорғап келген голландиялық қазақ Мұрат Онал 2016 жылда өзге клубты таңдап отыр. Осыған дейін қырандықтармен бірге жеңіс шыңына көтеріліп, қазақстандық атансам деп ниеттенген қандасымыз енді бұл мақсатынан алыстады.

Мұрат Онал
Мұрат Онал

Мұрат биыл қызғалдақтар отанында қалуды қалапты. Оның таңдауы Голландияның үшінші дивизионындағы «Лиссе» командасына түсіп отыр. Төрт жылдан бері үйінен алыста болған Мұратты, өткен маусымда үздік шабуылшы атанғанына қарамастан, биыл қазақстандық клубтар оқу-жиынына шақыра қоймаған.

Амерби Динаев, «Қыран» ФК бас бапкері: «Биылғы маусымға дайындық басталмас бұрын Мұрат Онал өзін келісім-шарттан босатуын сұранды. Оның бұл өтінішін клуб басшылығы орындады. Биылғы маусымда біздің командада ойнамайды деп айта аламыз. Естуім бойынша, басқа клуб тапқан. Оның орны, әрине, сезіледі. Дегенмен, ойыншылар іріктеп жатырмыз. Арасынан шебер шабуылшылар шығып та қалар.»

40 футболшының арасынан 12-сін ғана бапкер іріктеп алады
Осы 40 футболшының арасынан 12-сі ғана іріктеледі

Амерби Сапарұлының бапкерлігімен қырандықтар биылғы маусымға дайындықты бастап та кетті. Оқу-жаттығу жиынына 40 футболшы шақырылған. Басым бөлігі жастар.

Қырандықтарды биыл да Амерби Динаев жаттықтырады
Қырандықтарды биыл да Амерби Динаев жаттықтырады

Амерби Динаев, «Қыран» ФК бас бапкері: «Облыстық және №7 қалалық футбол мектебінің шәкірттерін шақырып, алғашқы жиынға тек жергілікті жастарды іріктеп отырмыз. Кейіннен оларға азулы футболшыларды да қосамыз. Олардың арасында өткен маусымда «Қыранның» сапында болған Асхат Мыңбаев та бар. Дайындыққа келген 40 футболшының арасынан 12-сі ғана іріктеледі. Өйткені бірінші лиганың командасында 30-ға дейін ғана футболшыны құрамға алуға болады. Сол себепті әр орынға бәсекелестік артқан.»

Оқу-жаттығу жиыны тағы 10 күнге жалғасады. Дайындық барысында бірнеше жолдастық кездесулер де жоспарланып отыр. Сенбі күні қырандықтар қызылордалық «Қайсармен» кездеспек. Сол матчта бұл жастардың бірқатары команда құрамын толықтыруға мүмкіндік алады.