Оңтүстікте биологиялық тыңайтқыш шығаратын зауыты салынады. Бұл жайында облыс әкімдігі мен түріктің «Lotus Food» және «Organic Algae — Fertilizer» компаниялары арасында келісім жасалды.
ОҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыт Қазығұрт ауданындағы индустриалды аймақта салынады. Оның жалпы құны 12 млн АҚШ долларына жетіп отыр.
Бұл зауытта, бұйыртса, биохимиялық тыңайтқыш пен құрама жем шығарылады. Аумағы 6 гектарды қамтитын жоба келешекте 200-250 адамды жұмыспен қамтып, жылына 10 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы болмақ.
Соңғы кездері экологияны бұзатын синтетикалық тыңайтқыштардың көптеп шығарылып жатқаны белгілі. Ал қазақ-түрік әріптестігі негізінде өндірілетін тыңайтқыштар топырақтың физико-химиялық қасиетін жақсартып, құрамын жетілдіретін болады. Осыған байланысты синтетикалық тыңайтқыштардың баламасы ретінде бұдан былай биоорганикалық тыңайтқыштар қолданыла бастамақ.
Әлемдік нарықта соңғы 10 жылда биоорганикалық тыңайтқыштарды өндіру көлемі Еуропада 40 пайызға жетті. Бұл, өз кезегінде, аталған өнімдердің дүние жүзіне қажеттілігін көрсетеді. Биотыңайтқыштарды қолдану арқылы өсірілген ауыл шаруашылығы өнімдеріне халықаралық сапа сертификаты мен «Халал» стандарт сертификаты беріледі. Бұл, өз кезегінде, Қазақстандық өнімдерді әлем нарқына еш кедергісіз экспорттауға мүмкіндік бермек.