Ауа райы тағы біраз қыспаққа алатын түрі бар. Демалыс күндері Қазақстанның солтүстігінде түнгі уақытта 30 градустық аяз болуы мүмкін, деп хабарлайды «Қазгидромет». Ол әдеттегі нормадан 4-8º-қа төмен.
Алдағы күндері аталған аумақта қар жауып, бұрқасындатады, батыстан секундына 15-25 метр жылдамдықпен жел соғады. Ал еліміздің Оңтүстігінде жауын-шашындатып, тұман түседі деген болжам бар. Ауа температурасы әдеттегіден 3-6ºС жоғары болуы мүмкін.
Осы ретте «Оңтүстік су шаруашылығы» мекемесінің мамандарына хабарласып, жауын-шашынның өңірдегі су қоймаларындағы жағдайға әсерін білдік. Айтуларынша, қазір Шардара су қоймасына секундына 1115 текше метр көлемінде су құйылып жатыр. Ал Сырдарияға жіберіліп жатқан көлем 905 текше метрге жетеді екен.
Республикалық маңызы бар өзге де су қоймалары бақылауда тұр, транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Ешқандай қауіп жоқ деп сендіреді жауаптылар.