ОҚО әкімінің жаңа жылдық құттықтауы

1938
Бейбіт Атамқұлов

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов өңір халқын жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!

Бейбіт АтамқұловСіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Жаңа жыл — жүріп өткен жылға баға беріп, тың қадам жасайтын, рухани серпін беретін, жақсылыққа ұмтылдыратын, жарқын өмірге жол сілтейтін мереке. Тәуелсіз еліміз шекарасын бекітіп, экономикасын нығайтып, әлеуметтік деңгейін өсіріп, Еуразия төсінде жаңа Астанасын салып, ғаламдық процестерге ықпалын тигізетін, ата-бабаларымыздың арманын іске асыра алатын алпауытты мемлекетке айналды. Әлемдік дағдарысқа қарамай 2015 жылы Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының нәтижесінде бiз лайықты мақтаныш ететiн жетiстiктерге қол жеткiздік.

Өткен 2015 жыл республикамызбен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы үшін де нәтижелі жыл болды. Инвестиция тарту, құрылыс салу, ауыл шаруашылығын дамыту, аудандарды газбен қамтамасыз ету және басқа да салалар бойынша еліміздің өзге аймақтарының алдына шықтық. Мәселен, Елбасымыздың тікелей қолдауымен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры арқылы табиғи газ Бәйдібек ауданына да жетті.

Спорт саласында да жеткен жетістіктеріміз аз емес. Атап өтсек, жасөспірімдерге арналған «Оңтүстік» футбол академиясы ашылды. Оңтүстікқазақстандық спортшылар Бразилияда өтетін жазғы олимпиада ойындарына 12 жолдама жеңіп алды. Бұл – қаймағы бұзылмаған қазақы өңірде осы жылы атқарылған істердің бір бөлігі ғана.

Ұлы дала елі атанған егемен еліміз бірқатар мерейлі мерекелердің куәсі болды. Қазақ хандығының — 550, Ұлы Жеңістің — 70, Қазақстан конституциясы мен Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы жоғары дәрежеде аталып өтті. Тағылымды іс-шаралар бірлігімізді бекемдеп, тарихымызды түгендеуге, санамызды сілкінтіп, өткенімізді талдап-таразылауға айтарлықтай ықпал етті. Біздің осы жетістіктеріміз алдағы жылда да өз орнын табатынына, болашақта міндеттерімізді абыроймен орындайтынымызға кәміл сенемін.

Құрметті жерлестер!

Облыс тұрғындарының пайымды парасаты мен ынтымағының нәтижесінде Оңтүстік оңды істердің ордасына айналып отыр. Жаңа жыл еліміз үшін берекелі болып, барша шаңыраққа қуаныш әкелсін! Сiздердi Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тiлеймiз!

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі