Шымкентте нан қымбаттамады

319
Бөлке нан

Жаңа жылдан бастап нан қымбаттайды деген ақпарат расталмады. Яғни, нанның бағасы қымбаттамады. Қазір сауда сөрелерінде бір бөлке нан 40 теңгеден сатылуда.

Бөлке нанБұл баға бір айға дейін сақталады. Өйткені «Тұрар» ЖШС қорында 30 күнге жеткілікті 2300 тонна ұн бар.

Дегенмен, мамандар келесі айдан бастап нанның бағасы өзгеруі мүмкін дейді. Себебі, наубайханаларға субсидия арқылы берілетін ұнға әлі күнге дейін қаржы бөлінбеген.

Әзірге қоймада 1 айға жететін 2300 тонна ғана ұн бар. Күн сайын қаладағы 40 наубайханаға 70 тоннаға жуық өнім жеткізіледі.

Әзірге наубайханашылар 1 қап ұнды 2900 теңгеден сатып алуда. Бірақ нарықтың талабына сай 2016 жылы бұл өнімге бөлінетін субсидия тоқтатылмақ. Оған қоса үкімет нанның бағасын еркін саудаға жіберуді ұсынып отыр. Соның салдарынан ас атасының құны тағы да шарықтауы әбден мүмкін.

Ал әзірге нанның бағасында тұрақтылық сақталуда. Бұл үшін мамандар күнделікті бақылау жасап, арнайы мониторинг жүргізеді. Ескеретін жайт, қаладағы сауда орындарында бөлке нанның бағасы 40 теңгеден асса, кез келген азамат 54-85-06 нөміріне хабарласып, өз шағымын айта алады.

Өйткені бұл баға үш жақты келісіммен нақтыланған. Ал халықтың қалтасына түскісі келгендердің тарапынан заң бұзушылақ анықталса, 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Лаура Мамырова