Леңгірдегі екі базар…

292
"Достық" базары

Леңгірдегі «Достық» базарында сауда қайта қыза түсті. Бұған дейін сан рет соттың шешімімен сан соғып, тірлігі тұралап қалған жеке кәсіпкерлердің жұмысы қайта жандана бастады.

Есесіне, «Тау жұлдызы» базарындағылар тақырға отырудың алдында тұр. Аталған орталықтағы саудагерлер осылай деп, салы суға кетіп отыр.

"Тау жұлдызы" сауда орталығы
«Тау жұлдызы» сауда орталығы

Леңгірдің төбесінен орын тепкен жаңа орталықтың жағдайы мәз емес екен. Көлік тұрағында тізгінделген темір тұлпар некен-саяқ. Ал автовокзалында алып автобустарды кездестірмедік. Қоршалған нысандағы бутиктер бос. Айналада аяңдап жүрген адам жоқ. Сауда орталығының ішінде де иін тіресіп тұрған жұртты байқамадық. Көп нүктелерден алым-саттық болмаған соң көшіп кеткен сыңайлы. Тек бірер сатушы әрлі-берлі теңселіп жүр. Сауда жоқ, оның үстіне суық нысанда тоңған болса керек.

Мұндағы саудагерлердің жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, атқамінерлер осы орталыққа көшсең, бар жағдайыңды жасаймыз деп уәде үйіп-төккен. Бірақ, әдеттегідей, әкімдік қызметкерлерінің уәжі семіз айтып, арық шықты дейді жұртшылық.

"Достық" базары

Есесіне, «Достық» базарының дәурені жүріп тұр. Мұндағы сатушылардың да базарды қаулымен жауып тастайтындардан әбден шаршағаны байқалып тұр. Саудагерлер әкімдік пен құзырлыларды көрсек, төбе шашымыз тік тұрады дейді.

Ал әкімдік қызметкерлерінің әзірге қос базарға қатысты қояр талабы жоқ. Бірақ, жалпақ жұрттың жергілікті билікке өкпелі екенінен хабардар. Сауда орталықтарының арасындағы бақталастық осындай жағдайға жеткізді деп отыр.

Базарлар арасындағы бақталастық десек те, одан халық халық зиян шекпеуі тиіс. Сауда орталықтарының бірі жабылып, бірі ашылғанынан сандалып кеттік дейді қалың қауым. Ал әлеуметті сан-саққа жүгірткен әкімдік мамандары тұрақтылықты сақтап қалудың жайын білмей жатқан сыңайлы.

Мақсат Жақсыбаев