құтырған ит

Оңтүстікте екі адам құтыру ауруынан қаза тапты. Үй жануарынан жарақат алып, мерт болғандарға дәрігерлер дер кезінде көмек көрсете алмаған. Өйткені олар ауруды асқындырып, ауруханаға бармаған деген мәлімет бар.

құтырған итБұл туралы облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы Балкүміс Мұсаева мәлімдеді. Маманның айтуынша, өңірде эпидемиялогиялық жағдай өршіп тұр.

Мысалы, жыл басынан бері 500-ге жуық адамды ит тістеген. Олардың барлығына дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, вакцина салыныпты.

Соңғы бір айдың өзінде Оңтүстікте екі науқас қауіпті аурудан мерт болды. Бірі – 40 жастағы кентаулық азаматша. Ал екіншісі – Қазығұрт ауданының тұрғыны. Екеуін де ит тістеп, дер кезінде дәрігерге көрінбеген.

Салдарынан құтыру ауруына тап болып, көз жұмған. Санитар дәрігерлер өңірде құтыруға қатысты эпидемиялогиялық жағдайдың өршіп тұрғанын айтады. Өйткені, былтыр жыл бойы екі оқиға тіркелсе, биыл бір айдың өзінде екі адам қаза болғанынан қауіптенеді.

Балкүміс Мұсаева, облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің бас маманы: «Дәл қазір құтыру ауруының эпидемиялогиялық кезеңі өршіп тұр. Кентау қаласында осы қауіпті аурудан қаза болған науқасты белгісіз ит тістеп алған. Ал Қазғұрт ауданында қаза болған азамат өз итінен жарақат алған.»

Құтыру ауруын емдеу мүмкін емес. Ауруға шалдыққан науқасқа ешқандай ем қонбайды. Бірақ, оның алдын алуға болады. Яғни, үй жануарынан жарақат алған жағдайда міндетті түрде вакцина салу керек.

Құтыруға қарсы вакцина тегін түрде жүргізіледі. Есіңізде болсын, егер ит немесе мысық асырайтын болсаңыз, міндетті түрде үй жануарларына құтыру ауруына қарсы вакцина жасату қажет. Осы қағидаларды орындамасаңыз, әкімішілік жауапқа тартыласыз.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 500-ге жуық адам жануардан жарақат алған. Олардың барлығына дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, вакцина салыныпты. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 200-ге артық. Сол себепті қазір эпидемиялогиялық жағдайдың өршіп тұрғанын айтқан дәрігерлер дабыл қағады.

Еске сала кетсек, былтыр 2015 жылы екі азамат құтырудан қаза болса, биыл соңғы бір айдың өзінде Оңтүстікте екі науқас көз жұмды.