Тағы да кісі өлімі. Күні кеше атыс дауысы шымкенттіктерді қатты шошытты. Айдың күннің аманында қаланың қақ ортасында болған оқыс оқиға талайлардың жағасын ұстатты. Осы оқиғаға орай Шымкент қалалық полиция департаменті мәлімдеме жасады.
«Шымкент қаласы тұрғынының өлімі жайты бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, күдікті жәбірленушіге өзара жақтырмаушылық негізінде пышақ жарақаттарын салған. Әйел оқиға орнында алған жарақаттарынан көз жұмды.
Оқиға туралы полицияға куәгерлер хабарлаған.
Полицейлер күдіктіні ізін суытпай ұстады. Ұстау кезінде қарулы күдікті қарсылық көрсеткендіктен, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес полиция қызметкерлері табельдік қаруды қолдануға мәжбүр болды.
Күдікті медициналық мекемеге жеткізілді және полицияның күзетінде. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», — делінген хабарламада.







