Оңтүстікте сайлау алдындағы үгіт-насихат ережесін бұзғандар тіркелді

330

Сайлау науқанының екінші кезеңі, яғни, үгіт-насихат жұмыстары басталмай жатып күнгейде ереже бұзуға қатысты үш оқиға тіркелген. Бұл туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиев мәлімдеді.

Мерзімінен бұрын өзінің тұжырымдамасын халыққа түсіндіруге асыққан үміткердің үстінен шағым түсіпті. Жарнамалық парақшасын елден бұрын іліп, ел назарына ілігуді көздеген кандидаттың бұл ісі қазір комиссия қарауында.

Әлібек Өмірәлиев, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы: «Арыз бізге келіп түсті. Ол арыз қазір қаралу үстінде. Жан-жақты сараптамадан өткізіп, заң талаптарына сай қараймыз. Уақыт бар. Біз 5, ары кетсе, 7 күннің ішінде тиісті шешім қабылдауымыз керек.»

Сондай-ақ, екі ауданнан депутаттыққа түскісі келген үміткер мен алдын ала ақсақалдарға шай беріп, батасын алған мақтааралдық кандитаттың заңсыз әрекеттері әшкере болған. Айта өтейік, күні кеше кандидаттарды тіркеу аяқталған болатын. Облыс бойынша 1358 үміткер тіркеліп үлгерген.

Оның 216-сы — облыстық мәслихат депутаттығына үміткер. Ал 786 кандидат аудандық және тағы 356 үміткер қалалық мәслихат депутаттығына сайланбақ ниетте. Олардың арасында ең үлкені 87 жаста болса, халық қалаулысы боламын деген ниетпен жиырма жастағы жігіт те тіркеліп үлгерген.

Әлібек Өмірәлиев, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы: «Үгіт-насихат жұмысы үміткерлердің өздерінің қорының есебінен де жүргізіледі. Ал республикалық бюджеттен бөлінген қаржы бойынша үгіт-насихат жұмыстары теңдей болу керек. Жаңағы бөлінген қаржы да бәріне бірдей деңгейде, бірдей көлемде, бірдей мөлшерде болу керек.»