30 қаңтар күні ұсталған «Шымкентсыра» зауыты иесіне тиесілі көліктері Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің тұрағына қойылды. Бұл фотосуреттер әлеуметтік желілерде бүгін жарияланып отыр.
Полиция департаментінің тұрағынан белгілі кәсіпкердің күзетшілері мініп жүрген жол талғамайтын көлікпен бірге сары түсті спорттық көлікті де көруге болады. Әлеуметтік желі қолданушылары инспекторлардың Митцубиси көлігін эвакуаторға тиеп, алып кетіп бара жатқан сәтін де суретке түсіріп алған.
Айта кету керек, бұл автокөліктер 30 қаңтар күні Шымкентте өткен арнайы операциядан соң тұраққа жеткізіліп отыр. Ішкі істер министрлігінің өкілдері жүргізген операция нәтижесінде қалталы кәсіпкер Тоқтах Төлешев және бірнеше адам ұсталды.