2015 жылы Оңтүстікте 800-ден астам бойжеткеннің екіқабат болғаны анықталған. Жасөспірімдер арасындағы жүктілік бойынша күнгейліктер көш бастап тұр дейді салаға жауаптылар.
Бүгін Шымкентте өтіп жатқан аналар форумында қоғамдағы осындай кереғар құбылыстар талқыланды. Сондай-ақ ажырасу, зорлық-зомбылық, жеткіншіктер арасындағы қылмыс мәселесі жиын тақырыбына арқау болды.
Айта кетейік, өткен жылы облыста 21 мыңнан астам жұптың арасында неке қиылған болса, соның бес мыңға жуығы ажырасуға өтініш білдіріпті. Статистикалық мәліметтер көтерілген бесінші шаңырақтың шайқалатынын көрсетіп отыр.
Өкініштісі сол, ажырасқан отбасылардың дені — балалылар. Бұл өз кезегінде жалғыз басты аналар мен жартылай жетімдердің көбеюіне әсер етеді.