Шымкентте «ХХІ ғасыр педагогы» таңдалуда

312

Шымкентте республикалық «ХХІ ғасыр педагогы» байқауы басталды. Екі күнге созылатын шара барысында 30ға жуық педагог бақ сынайды. Олардың барлығы еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарының оқытушылары. Талантты әрі жан-жақты оқытушылардың анықтау мақсатында ұйымдастырылған байқау  үздік пелагогты анықтайды. Әрі педагог беделін арттыруға септігін тигізеді. Таңертең жеребе алған ұстаздар күні бойы ашық сабақтар өткізіп, тәжірибесін көрсетті.

Педагогтардың бұл жолғы байқауында ән шырқалып, би биленбеді. Яғни, өнерлерінен гөрі сабақ беру методикасына аса көңіл бөлінді. Осымен екінші рет өтіп отырған республикалық байқаудың ашылу салтанатында сөз алған ректорлар үздіктерді таңдауда ұстаздың жасына не еңбек өтіліне емес, тәжірибесі мен жаңашылдығына көп көңіл бөлетіндерін бірден айтты.

Серік Пірәлиев, ұлттық педагогикалық университеттің  ректоры: «Біздің елімізде педагогтарды дайындайтын 73 жоғары оқу орны бар. Сол жоғары оқу орындарының жас ұстаздары арасында өтетін бұл конкурс екінші рет ұйымдастырылып отыр. Байқауға қатысушылардың барлығы ашық сабақ береді, тест өткізеді. Өзінің жаңа технологияларымен методикасын таныстыратын болады. Мұндаға мақсат – ең мықты ұстаздарды анықтау ғана емес, оның сабақ беру методикасын халыққа тарату. Көптің ішінен оза шапқан ең білімді, жаңашыл ұстаздардың мәртебесін көтеру.»

Алдын ала жеребе алған байқау қатысушылары, аудиторияларға бөлінді. Күні бойы түрлі тақырыпта ашық сабақ өткізіп, білгендерін қазылардың назарына ұсынды. Оқытушылардың беделін арттыруға арналған шара 4 кезеңнен тұрды. Қатысушылардың әрқайсысы тың тақырыпта арнайы жоба дайындап, оны қорғап шықты. Еркін түрде өткізілген сайыста үміткердің өзін жан-жақты көрсете білуі мен шеберлігі ескерілді.

Ақмарал Қосжанова, Еуразиялық ұлттық университет оқытушысы: «Бұл байқауға қатысу себебім, осы білікті ұстаздардың, білікті профессорлардың тәжірибесін оқу үрдісімізге енгізіп, миссиямызға сәйкес педагогтарды даярлауда өз септігін тигізуге болады деген ойдамын. Жалпы, байқауға екінші рет қатысуым. Алғашқы байқау Талдықорған қаласында өткен. Ол жерде белсенді қатысушы ретінде марапатталған болатынбыз. Арада жылдар өтсе де ол байқаудан алған тәжірибемді қолданып келемін. Озық идеялар мен технологияларды өз сабағымда қолданып жүрмін. Екінші жарияланған байқауға үлкен дайындықпен келдім. Мақсатым – дәрістерді өз деңгейімде көрсету.»

Республикалық байқауды өткізу Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институына жүктелген. Жауапкершіліктің жүгі ауыр болатынын ескерген ұйымдастырушылар жоғары деңгейде дайындалыпты. 30 үміткердің сабақ өтуіне барлық жағдай жасалған. Оның үстіне институт базасы да мықты. Мұны әділқазылар бірден байқап отыр. Ал үздіктерді таңдау талабы қатаң.

Амангелді Құсайынов, Еуразия ұлттық университетінің ректоры: «Жаңа өмір талабы – бұл жан-жақты білім ғана беріп қоймай, өмірге деген көзқарастарын қалыптастыру. Қазір өмірдің қандай қиын жағдайда екенін біліп жатырсыздар. Сондықтан алдына келген студентіне өз көзқарасын қалыптастыруды талап етемін. Тек қана біліммен ғана шектеліп қана қоймай, бүгінгі өмір талабына сай қадамдар жасай алатын жастарды тәрбиелеу – бүгінгі мұғалімдердің басты міндеті».

«ХХІ ғасыр педагогы» атауы кімге бұйырғаны әзірге белгісіз. Ал жеңімпазды елдегі 70-ке жуық жоғары оқу орындары жоғары жалақымен жұмысқа шақырары анық. Өйткені, кіл мықтыдан оза шабу біліктілікті талап етеді.