Оңтүстік Қазақстан облысының басшысы Бейбіт Атамқұлов халықаралық қарттар күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсен Әбдінұровтың шаңырағында болып, мерекемен құттықтады.
Облыс әкімі еліміз егемендік алған жылдары бағындырған биіктеріміз бен жеткен жетiстiктерiміз ардагерлердің лайықты еңбектерінің нәтижесі екенін айтып, Отан үшін кеудесін оққа тосып, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған қарт кісіге алғысын білдірді.
Ал қазыналы қария тәуелсіздік алған 25 жылда жас мемлекетіміз қарқынды дамып жатқанын тілге тиек етіп, Елбасыға және жергілікті билік өкілдеріне көрсетіліп жатқан құрмет пен қамқорлықтарына ризашылығын білдірді.
Сәрсен Әбдінұров 1922 жылы Түлкібас ауданы Қиырбастау ауылында дүниеге келген. 1942 жылы 20 қаңтарда армия қатарына шақырылып, Қазалы қаласында 368 қосалқы полктің командирлер дайындайтын курсын бітірген. 1943 жылы қараша айында Украинада, 1943-1944 жылдары 823 атқыштар полкінде болған. 1944-1945 жылдары Украина майданында соғысты. 1947 жылы елге оралған. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Ұлы Отан соғысындағы жеңіс мерейтойының медальдарымен марапатталған.