Жансейіт Түймебаев этно-мәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті

432
Жансейіт Түймебаев этно-мәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы құрылымдарының басшыларымен және облыстық этно-мәдени бірлестіктерінің төрағаларымен кездесті. Өңірдегі мемлекеттік этносаясаттың жүргізілу барысымен танысып, қатысушылардың ұсыныс, пікірлерін тыңдаған аймақ басшысы алдағы кезеңдерде облыстың өсіп-өркендеуі жолындағы жұмыстарды бірлесе жүзеге асыру жайын айтты.

Жансейіт Түймебаев этно-мәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті

— Әр этнос — біздің байлығымыз. Қазақстан халқы ассамблеясы — осы қазынаның қорғаны — деді әкім. — Аталған ұйымның жұмысын шетелдерден келіп үйреніп, тәжірибе алмасып, өз пайдаларына жаратып жатқан мемлекеттер бар. Қиын қыстау кезеңде қазақ халқы жер аударып келген түрлі этностарды бауырына басты. Бүгінде біз бір ел — бір халық болып, бір мақсатта жұмыс атқарып келеміз.

Жиын барысында төраға орынбасары биылдан бастап мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚХА енгізілген жаңа функционалдық бағыттар бойынша, яғни, қайырымдылықты үйлестіру, қоғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестерінің қызметі және медиация желісін дамыту бағытындағы атқарылған жұмыстарды баяндады.

Жансейіт Түймебаев этно-мәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті

— Ассамблея филиалдарын аудандардан ашу алғаш болып Оңтүстікте қолға алынды, — деді Мұратәлі Қалмұратов. — Бүгінде бұл жұмыстың тиімділігін ескерген Қазақстан Президенті әкімшілігіндегі ҚХА хатшылығы оңтүстікқазақстандық тәжірибені республиканың басқа өңірлерне енгізе бастады.

Бұл кездесуде бірқатар этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары қазақстандық біртектілікті қалыптастыру сынды асыл міндетті іске асыруда жеткен жетістіктері мен оны әрі қарай дамыту бойынша атқарылатын жұмыстарды мәлімдеді.

Жансейіт Түймебаев этно-мәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті

Бүгінде ұлысымыздың ұйытқысы атанған Оңтүстік өңірінде 100-ден астам түрлі этнос өкілі өмір сүреді. Ал облыста 20 этно-мәдени бірлестік жұмыс жасайды. Олардың аудандар мен қалаларда 51 филиалы мен 17 жастар қанаты, 11 жексенбілік мектебі бар. Өңірде жыл сайын әр этно-мәдени бірлестік өзінің тілі, мәдениеті және дәстүрі күндерін атап өтуде. Сонымен қатар белсенді этнос өкілдері жыл сайын облыс әкімінің «Бауырмал» сыйлығымен марапатталуда.