Оңтүстіктегі жолдардың қысқа дайындығы пысықталуда. Осыған орай облыс әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен кездесті.
Департамент бастығы Нұрболат Дербісовтың айтуынша, «Қыс-2016» республикалық командалық оқу-жаттығуын өткізу кезінде облыстағы руспубликалық және аймақтық маңызды жолдар мен техникалардың дайындығы тексерілген.
Бұған қоса Бәйдібек ауданындағы Одаман бұлақ және Шыбықбел секілді қауіпті асуларда жылыту бекеттері ашылып, тиісті белгілер орнатылған деді Нұрболат Дербісов. Жалпы, облыс бойынша 7 асу, 10 жылыту бекеті бар. Қыста ұзындығы 4330 шақырым облыстық маңызды жол күтіп-ұсталады. Оның ішінде 1950 шақырымы қардан бірінші кезекте тазаланса, 433 шақырым жол қауіпті саналады.
Осы жолдардың төрт бағытында құтқарушылардың жол талғамайтын техникасы бекітілген. Олардың жалпы саны — 63. Қысқа дайындық барысын тыңдаған әкім төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.