Түркістанда су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіле ме?

26

Түркістан облысында су тасқынының алдын алу және салдарын жою бойынша аппарат отырысы өтті. Жиында атқарылып жатқан жұмыстар мен қазіргі ахуал талқыланды. Су тасқынына қарсы іс-шаралар толық орындалуы тиіс екенін айтқан өңір басшысы зардап шеккен азаматтарға да тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Су тасқынан зардап шеккен азматтарға көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Өңір басшысы жауаптыларға су шайған елдімекендерді қалпына келтіру бойынша комиссия жұмысын жандандыруды, шығындарды бағалау жұмысын жедел атқаруды тапсырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:
«Су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға заң аясында көрсету мүмкіндігі қарастырылсын. Тасқынға қарсы іс-шаралар жоспары толық орындалуы тиіс. Қауіпті учаскелерді қайта зерделеуді, су басқан елді мекендерді қалпына келтіру үшін заң шеңберінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын. Біз су тасқынының алдын алу жұмыстарын жылыту маусымынан бері бері айтып келе жатырмыз. Тапсырмалар берілді. Бірақ кейбір елді мекендерде олқылықтар анықталды. Әсіресе Сауран ауданында. Әрине жалпы аудан, қалалар апаттың алдын ала білді. Бірақ дайындықты тоқтатпау керек. Әсіресе, Төлеби, Қазығұрт, Келес, Сарыағаш аудандарында жұмыс күшейтілуі тиіс. Қосымша техника қажет болса, шұғыл хабарлаңыздар».

2 ақпанда басталған жаңбыр облыстағы таулы аудандарда мол қардың еруіне әкеп соқты. Әрі қарай су елдімекендерді шайып, тұрғындарды әбігерге түсірді.Атап айтқанда, Кентау қаласы, Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандары аумағында жалпы 21 елді мекендегі 234 үйдің ауласын су басқан. Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, қазіргі таңда арнайы құрылған комиссия шығын көлемін анықтап жатыр.

Нұрғали Жүнісов, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
«Су басқан аула аумағынан 204 адам және 790 бас ұсақ мал эвакуацияланды. Тұрғындар әзірленген 4 эвакуациялық орталыққа емес, тусытарының үйлеріне баруды жөн көрді. 121 аула аумағынан 20 мотопомпаның көмегімен 4968 текше метр су шығарылды. Департамент, жергілікті атқарушы органдар және Арыс қаласындағы әскери бөлімшенің күшімен (50 әскер) үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 18 300 дана қапшық құммен толтырылып, су басу қауіпі бар учаскелерге қойылды».

Қазір облыста өзен деңгейін бақылау үшін 14 гидробекет құрылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Бүгінде жағдай тұрақты. Дегенмен аэровизуалды шолу барысында Қаратау жоталарында әлі де қар қорының мол екендігі және Сырдария өзенінде мұз қатып жатқаны анықталған. Таудан бастау алатын табиғи арналар мен оның сағасындағы су қоймаларды және бойында орналасқан елді мекендерді бақылау жалғасады дейді мамандар.