«Петро Қазақстан Ойл Продактс» компаниясынан болашақ мамандарына тарту

541

«Петро Қазақстан Ойл Продактс» Шымкент Мұнай өңдеу компаниясы кезекті рет қайырымдылық шарасына ұйтқы болды. Білікті мамандарды даярлау үшін ЖОО-ның оқу базасы заманауи талаптарға сай болуы керек деп білетін компания өкілдері қаламыздағы жоғары оқу орындарының біріне тарту жасады.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Мұнай өңдеу және мұнай химия» кафедрасының құрылғанына 30 жылдан асты.

Осы үш онжылдықта кафедра ұжымы Петро Қазақстан компаниясымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Яғни, компания басшылығы кафедра студенттеріне қажетті жаңа құрал-жабдықтарды алып беріп, қолдауын үзген емес. Бұл жолы мұнай және мұнай өнімдерінің сапасын , оның физикалық, химиялық қасиеттерін анықтайтын 16 құрылғы алып берді.

Айдарбек Болысбек

Айдарбек Болысбек, Химиялық инженерия және биотехнология жоғары мектебінің деканы:
– Біздің кафедрада жыл сайын белгіленген көлемде студенттердің оқу процессіне қажетті қондырғыларды алып отырамыз. Бірақ осындай көлемде бірден ала алмаймыз. Компания ұжымының бұл жолғы сыйға тартқан қондырғылары арқылы студенттеріміз кез-келген сынамаларын өндірістік деңгейде жасай алады. Яғни, осының алдын бір анализ жасау үшін бір күн кету мүмкін еді. Ал осы қондырғылармен біз 10-15 минутта автоматтандырылған түрде кез келген мұнай өнімдерінің қасиеттерін анықтай аламыз. Яғни, мұнайдың тұтқырлығы болсын, тығыздығы болсын, октанның салмағын тағы басқа да қасиеттерін дер кезінде анықтауға мүмкіндігіміз болды. Бұл оқытушыларды да студент, магистранттарымызды да қуантып отыр. Зауыт басшылығы біздің кафедраға бұл жолы ғана емес, жыл сайын көмек қолын созады. Олар бізге бұдан бұрын да оргтехникалар беріп және компьютермен қамтамасыз еткен болатын. Сондықтан да осы зауытқа айтар алғысымыз шексіз. Сондай-ақ біз қаланың, аудандардың барлық мектептерімен байланыстамыз. Олармен арнайы келісім шартта бар, арамызда. Ғылыми жұмыспен айналысып жүрген оқушылар болса, келіп бізден ғылыми бағыт-бағдар алады. Осы құрылғыларды пайдалануды үйренеді. Біз мектеп оқушыларына да әрдайым қолдау көрсетеміз.

Оқытушылардың айтуынша, бұлар – оқу процессіне ең қажетті құрылғылар. Компания ұжымы бұл заттарды кафедраның сұранысымен алып келеді. Теория мен практиканы қатар алып жүруді көздеген олар құрылғылармен қатар 371 дана техникалық оқу құралын да жеткізіп отыр.
Компания ұжымының салаға қажетті маман дайындауға қосып жатқан үлесі шексіз. Кафедра студенттері практика сабақтарын зауытта өтеді.

 

«Мұнай өңдеу және мұнай химия» кафедрасында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып келе жатқан профессор, техника ғылымдарының докторы Орал Бейсенбаевтың айтуынша, кафедра студенттердің сапалы білім алуына «Петро Қазақстан Ойл Продактс» Шымкент Мұнай өңдеу компаниясының қосқан үлесі зор. Профессор еліміздің әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтерудегі ең басты мәселе сапалы маман дайындау деп біледі. Ал осы сапалы маман дайындауда кафедраның да, компания ұжымының да атқарып отырған істері айтарлықтай көп.

Орал Бейсенбаев

Орал Бейсенбаев, «Мұнай өңдеу және мұнай химия» кафедрасының профессоры, т.ғ.д:
– Осы жолғы әкеліп жатқан құрылғылардың тиімділігін айта кетсем, бұл ең алдымен студенттердің уақытын тиімді пайдалануына үлкен көмек. Мына құрылғылардың барлығы компьютерге жалғанған. Яғни мұнайдың сапасын, оның физикалық химиялық қасиеттерін көп уақыт кетірмей компьютерде анықтап алады.

Жыл сайын студент, магистрант, доктаранттар үшін ең қажетті құрылғыларды сыйға тартып келе жатқан зауыт басшылығына Бейсенбаев ұстаздың алғысы шексіз. Аса қажетті, сапалы техниканы қолданып, білімін жетілдірген жас мамандар арасында зауыт ұжымы жыл сайын конкурс жүргізеді. Олардың арасынан үздік деп танылғандар Мұнай зауытында қызмет істеуге шақырылады. Нәтижесінде қазіргі кезде зауыт қызметкерлерінің 80 пайызынан астамы осы кафедраның түлектері,-дейді Орал ұстаз.

Еркін Жұмәділ

Еркін Жұмәділ, «Petro Kazakhstan Oil Products» ЖШС ұйымдастыру және PR жөніндегі менеджері:
– Біз бұл құрыл-ғыларды осындағы оқытушылардың сұранысы бойынша алып бердік. Яғни, студент жастардың оқу барысында олардың жақсы маман болып шығуына қандай құрылғылар керек екендігін алдымен осындағы оқытушылардан сұрап білеміз. Біздің мақсатымыз мұнай, химия саласын таңдап, осы мамандық бойынша оқып жатқан студенттердің мықты маман болып шығуы үшін қолымыздан келген көмекті аямаймыз. Олардың теория мен парктиканы бірге алып жүрулері үшін барынша жағдай жасауға тырысып келеміз. Бұл жақсылығымыздың қайтарымын да көріп отырмыз десем артық болмайды. Өйткені біздің зауытта жұмыс жасайтын мықты мамандардың басым бөлігі осы кафедраның түлектері.

Сондықтан, кәсіпорын мамандарының сапалы білім алуына осы бастан қолдау көрсетудің қайтарымы болары анық.

Жанерке ХУМАР