Шымкентте ирригация жүйелерін жөндеуге 386 млн теңге бөлінеді

445

Шымкентте ирригация жүйелерін жөндеуге 386 млн теңге қаралып отыр. Бұл туралы мәслихат депутаттарының 2017-2019 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылаған сессиясында айтылды. Былтыр кірістер бойынша артық түскен қаржының басым бөлігі көшелерді жөндеуге, арық-атыздарды реттеуге бағытталып отыр.

Халық қалаулылар бір ауыз сөзге келмеді. 2016 жылғы кірістер бойынша артық түскен қаржылардың қаланың қажеттіліктеріне бағытталып отырғанып құптады. Осынау қаражат есебінен облыс орталығындағы ирригациялық жүйелерді жөндеуге 386 млн теңге қаралып отыр.

Жауынды-шашынды күндер қаланың ирригациялық жүйелерінің қандай жағдайда екенін көрестіп берді.Шымқаладағы арық-атыздарды қатаң сынға алған шаһар басшысы жауаптыларға әсіресе орталық көшелердегі бұл жүйелерді күз мезгіліне дейін қалпына келтіруді тапсырды.

Наурыз айынан қаладағы көшелерді орташа жөндеуден өткізу жұмыстары басталады. Бұл мақсатқа биыл 100 млн теңге қаралып отыр. Сондай-ақ, биылға кей жол айрықтарын күрделі жөндеуден өткізіп, орталық көшелерді кеңейту жоспары тұр.

Сондай-ақ былтырғы кірістер бойынша артық түскен қаражаттың бір бөлігі оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға және шәкірттерді Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатыстыруға да бағытталып отыр. Ал қаладағы әкімдіктер мен құрылымдық бөлімдердің және мемлекеттік мекемелердің қызметтерін қамтамассыз етуге қосымша қаржы көздері қаралуда.