573,7 млрд. теңге – 2022 жылға арналған қала бюджеті нақтыланды

147

Шымкентте қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Онда қала күні марапаты табысталатын Шымкенттің 10 құрметті азаматының тізімі бекітілді. Сондай-ақ Қажымұқан стадионының жөндеу жұмысына қажет қаражат көлемі нақтыланды. Сессияда ортақ мүлікті басқару мен күтіп-ұстау шығынының ең төменгі мөлшері де талқыланып, нақты қаржысы анықталды.

27 теңге – дәл осындай соманы көпқабатты үй тұрғындары ай сайын төлеуі керек. Бұл ақша кондоминиум объектісін басқаруға және ортақ мүлікті күтіп-ұстауға жұмсалады. Халық қалаулылары ұсынысты бірауыздан қолдады! Сонымен қатар, сессия отырысында ойын кезінде шатырының бір бөлігі желге ұшқан стадионды жаңарту мәселесі де көтерілді. Қажымұқан стадионының жөндеу жұмысыны қажет қаржы көлемі нақтыланды.

Ерлан Есқараев, Шымкент қаласы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «Жалпы бюджет көлемі 84 млрд. теңгеге артуда. Республикалық бюджетті нақтылау барысында қалаға қосымша 24,5 млрд теңге қаралды. Қаржылардың басым бөлігі 4 елдімекенді сумен, 2 елдімекенді кәрізбен, 7 елдімекенді электрмен, 6 елдімекенді газбен қамту және көпқабатты тұрғын үйлерге инженерлік-инфрақұрылым жүргізуге бағытталуда».

Жиында депутаттар ауыл шаруашылығымен айналысатын жандарға салық салу мәселесін қарауды сұрады. Олар республикалық маңызы бар қала мәртебесін алған сәттен бастап салықтар тұрғындардың қалтасына ауыр тиіп жатқанын айтты. Сонымен қатар, сессияда тегін медициналық көмек пен дәрі-дәрмектер тізіміне толықтырулар енгізіліп, 2 дерт бойынша 25 дәрілік зат тізіміге қосылды.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «19 маусымда Шымкент қаласының «республикалық қала» мәртебесін алғанына 4 жыл толады. Қала күнінен орай бірқатар маңызды іс-шаралар жоспарлануда. Сіздерді іс-шараға белсене қатысуға шақырамын».

Сонымен қатар, сессия отырысында «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын беру бойынша 10 азаматтың кандидатурасы бекітілді. Марапат табыстау рәсімі 19 маусым – қала күніндегі салтанатты жиында өтеді. Бұл – номиналды атақ, яғни қоғамдық көлікте жүру немесе салық бойынша ешқандай жеңілдіктер берілмейді. Дегенмен, бұл атақ өте жауапты, құрметті және марапатқа лайықты тұлғаларға ғана беріледі.

Гүлдана Дәурен