Қала бюджетінің көлемі – 468 млрд. теңге

134

Шымкент қаласы бюджетінің көлемі 468 млрд. теңгені құрайды. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 500 млрд-қа жеткізілмек. Халық қалаулылары қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында бюджетті нақтылады. Қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік салаға, шахар аумағындағы шағынаудандар, тұрғын алаптарындағы инфрақұрылымды жетілдіруге жұмсалмақ.

Сессияда шахардың бюджеті нақтыланды Оның көлемі 468 млрд. теңгенің құрады. Қаржының бір бөлігі қала жолдарын жөндеуге, абаттандыруға, сонымен қатар ақылды бейнекамераларды күтіп -ұстауға бағытталмақ. Ал инфрақұрылымды дамытуға 20 млрд-қа жуық қаржы жұмсалатын болады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Бюджеттің көлемі 468 млрд, былтыр бұл көрсеткіш 388 млрд. теңге көлемінде болатын».

Шахардағы қоғамдық көлік мәселесі де депутаттардың назарынан тыс қалмады. Көлік қозғалысындағы кептелісті шешу үшін троллейбустар немесе жер үсті ЛРТ жеңіл рейсті транспорт енгізу жоспарлануда. Алайда бұл әзірге жоба. Депутаттар бюджет қаржысының әрбір тиыны мақсатты жұмсалуы қажет деп есептейді. Сала-салаға бөлінген қаржының тиімді жұмсалуы үнемі басты назарда болады дейді халық қалаулылары.

Әлеуметтік нысандар; мектептер мен ауруханалардың құрылысын жүргізу жекешелік мемлекеттік әріптестік жобасы аясында жалғасады. Бұл мәселеде депутаттар екі жақтың міндеттерін айқындау жөнінде құжатты бекітті.

Шынар Оразова