Таксисті тонап, азаптап өлтіргендер сотталды

464
Таксисті тонап, азаптап өлтіргендер сотталды

Шымкентте 30 жастағы таксистті тонап, онымен қоса айуандықпен өлтіргендердің соты аяқталды. Екі айыпталушы да 20 жылға бостандығынан айыру жазасына кесіліп отыр. Бұл үкім қазіргі таңда заңды күшіне еніп үлгерді.

Бұл сот ашық тәртіпте өтуде. Адвокаттары айыптаушылар таксисті өлтіруді ойламады деп, жазаны жеңілдету жөнінде шағым түсірген. Дегенмен, тергеу барысында оқиғаның керісінше болғаны анықталып отыр. Еске салайық, 2016 жылдың қыркүйегінде Шымкент маңынан ер кісінің мәйіті табылды. Ол жеке көлігімен жолаушы тасып жүрген 30 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Тергеушілер бірден бұл таксист тонау немесе ұрлықтың құрбаны болуы мүмкін деген болжаммен іс қозғайды.

Мамыржан Әбдірашидов, Қаратау полиция бөлімінің тергеушісі: «Шұғыл іздестіру барысында екі күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталды. Олар марқұмның телефонын алып кеткен екен. Оны Сарыағаш ауданында сатады. Осы алыпсатардан сұрау барысында телефонды сатқан күдіктілер оның танысы екені анықталды. Қолға түскен екі азамат алғашқы тергеу барысында өз кінәларын мойындады. Олардың бірі — 32 жастағы Сарыағаш ауданының тұрғыны бұған дейін ұрлығы үшін сотты болған. Ал екіншісі — Мақтаарал ауданының 42 жастағы тұрғыны. Олардың марқұмның Дэу Джентра көлігі де табылды.»

Тергеушілердің мәліметінше, сол күні екі айыпталушы Шымкентке қонаққа келеді. Ішімдік ішіп алған соң ойлары бұзылып, такси ұстайды. Қаланың сыртына апаруды сұрайды. Адам аяғы аз жерге жеткен соң такси жүргізушісіне тап береді. Таксист қарсылық көрсете бастайды. Осы кезде тонаушылар жігітті көлік сүйрейтін сыммен қол-аяғын байлап тастап, азаптап өлтіреді.

Марат Жүнісов, айыптаушы прокурор: «Айыпталушылардың жазасы өз кінәсіне лайықты деп санаймыз. Сот оларды 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өтеуі тиіс. Алқа мүшелерінен бұл жазаны өзгертпеуді сұраймын.»

Облыстық соттың алқасы барлық жағдайды зерделей отырып алғашқы үкімді өзгертуге негіз таппады. Сондықтан, айыпталушылардың жазасы өзгеріссіз қалып, бүгінде заңды күшіне еніп отыр.