Шымкент тұрғыны тапа-тал түсте ер адамды пышақтап кетті

381

Шымкентте жергілікті тұрғындар арасында жанжал туындап, салдарынан бір адам қайтыс болды. Нақтырақ айтсақ, төбелескен екі азаматтың біреуі екіншісіне пышақ салған. Күдікті қазір қамауға алынды.

Шымкент қаласы Абай ауданындағы Темірлан тас жолы бойында жергілікті тұрғындар арасында жанжал туып, біреуі қайтыс болды. Төбелескен ер адамдардың бірі екіншісін бірнеше жерден пышақтаған. Жарақат алған азамат оқиға орнында көз жұмған. Айта кетейік, жедел жәрдем көлігінің жанында жерде жатқан ер адамның видеосы WhatsApp желісінде тараған еді.

Куәгер Орынбек Абдулланың сөзінше, қайтыс болған азаматты 10-нан астам жерінен пышақтаған. Оқиғаға куә болған жандар көмектеспек болған, алайда бәрі кеш болды дейді. Марқұм тек «көмектесіңдер» деп айтып үлгеріп, содан кейін көз жұмған.

Орынбек Абдулла, куәгер: «Жолдың арғы жағында болды ол нәрсе, біз қараған кезде ол қансырап келе жатқанын байқадық. Осы жерге келіп құлады, дәл осы жерге. Қасымыздағы жігіттер көмектесуге тырысты. Өкінішке орай, қолдарынан ештеңе келмеді. 5 минутта жедел жәрдем келді. Пышақ тыққанын байқадым, 10-18 рет тықты  Ажыратқанда ешкім ойлаған жоқ не болып жатқанын. Біз басында төбелесіп жатыр деп ойладық. Дәл осы жерге жақындап, қан саулап жатқан кезінде түсіндік».

Ресми мәлімет бойынша, 27 қаңтар күні Абай аудандық полиция бөліміне Темірлан тас жолының бойында орналасқан дүкендердің маңында екі ер адам төбелесіп жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға ҚР ҚК 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша тіркелді. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Мөлдір Бекеева, Шымкент қаласының Полиция департаменті Ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы: «Аталған жайт бойынша полиция қызметкерлерімен ҚР ҚК-нің 99-бабымен «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде».

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Алдын ала болжам бойынша ауыр қылмысқа «қызғаныш» себеп болған. Ал қайтыс болған және пышақтаған азаматтардың жеке басы туралы және бұрын-соңды істі болған-болмағаны жайында мәліметтер әлі жария етілген жоқ.

Гүлдана Дәурен