Әскери қызметке шақырудың көктемгі науқаны басталды

364
Әскери қызметке шақырудың көктемгі науқаны басталды

Елбасының жолдауына сәйкес елімізде жас жігіттерді мерзімді әскери қызметке шақырудың көктемгі науқаны басталды. Жыл сайын дәстүрлі түрде 1 сәуірден басталатын науқанға биыл өңіріміз ерте кірісті. Оның бір себебі, биыл Оңтүстікке қарулы күштен бөлінген орын көп. Қазіргі таңда Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасында қарбалас басталып кетті.

Отан алдындағы парызымды өтесем деген 18 бен 27 жас аралығындағы алғашқы топ медициналық тексеруден өтті. Жарамды деп табылған 12 болашақ сарбаз ел шекарасын кірпік қақпай күзетуге аттанады. Барлық тексеруден өтіп, қолына жолдам аалғандардың бірі Мұхамедияр Қасымов. Ол әскерге өз еркімен сұрандым дейді.

Үміткер көп, соған сай іріктеу де қатал. Жігіттер терапевт, көз дәрігері, лор секілді 12 маманның тексеруінен өтеді. Жалпы, көктемгі науқан кезінде республика бойынша әскерге 16 мыңға жуық жігіт шақырылмақ. Оның алғашқы легі шекара қызметіне алынса, қалғаны ішкі әскер, «Ұлан» мен ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты бөлімдерге бөлінеді. Ал біздің өңірімізден аттанатын сарбаздар саны — 400 жігіт.

Әскерге шақыру науқаны маусым айына дейін жүргізіледі. Мұнан кейін күзгі шақыру басталмақ. Айта кету керек, Отан алдындағы борышын өтеуден тек отбасылы болып, 1 баланың әкесі атанған, содан кейін жасы 27-ден асқан азаматтар ғана босатылады.

Әлия Әділбек