Шымкентте сарбаздар әскери борышын аяқтады

128

 

 

Шымкент гарнизонының механикаландырылған бригадасында мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің борышын аяқталуына арналған салтанатты рәсімі өтті. Еліміздің үш аймағынан шақырылған және белгіленген мерзімде қызмет еткен 120 сарбаз әскери оркестрдің әуенімен жауынгерлік тумен қоштасу үшін бригаданың саптық алаңында екі қатарға сап түзеді.

 

Жан-жақты кәсіби дағдыларға ие болған, шыныққан сарбаздарға грамоталар, естелік сыйлықтар және оқу-жауынгерлік міндеттерін сапалы орындағаны үшін фотоальбомдар табыс етілді, ал ата-аналарына бөлім командирінің атынан Отанының нағыз патриоттарын тәрбиелегені үшін алғыс хаттар дайындалды.

Сарбаздарды үлкен өмір жолына шығарып салып, құттықтау сөздерін айту үшін механикаландырылған бригаданың әскери қызметшілері мен Қарулы Күштердің ардагерлері бас қосты.

Бөлім командирі подполковник Дастан Мұхамеджанов бригада тарихында Отанға қызмет етудің үлгісі болып табылатын жүздеген сарбаздың, сержанттар, офицерлер мен генералдардың тағдырлары жазылғанын атап өтті.

– Сіздер өз міндеттеріңізді адал орындап, батылдық таныттыңыздар, әскери қызметтің барлық ауыртпалықтарын табандылықпен көтердіңіздер. Осы уақыт ішінде үлкен өмірлік тәжірибе алып, нағыз патриоттарға тән қасиеттерді дамыта алдыңыздар, – деді подполковник Дастан Мұхамеджанов.

Борышын аяқтаған ефрейтор Ринат Өмірзақ өз сөзінде, әрбір офицер мен сержанттың оларды тәрбиелеудегі еңбегін атап өтті.

– Барлық сарбаздардың атынан бригада жеке құрамына алғысымды білдіремін. Біздің есімізде көп нәрсе қалады, өйткені біздің артымызда 12 айлық қызмет қана емес, жүрегімізде терең із қалдырған өмірдің бөлек бір кезеңі. Қызметіңіз үшін рахмет, – деді ефрейтор Ринат Өмірзақ.

Салтанатты қоштасу рәсімі бөлімнің жеке құрамының салтанатты шерумен өтуімен аяқталды.