«КиноАРТ»: жас киногерлер сайысы

Шымкентте «КиноАРТ» жас әуесқой кинорежиссерлер сайысы өтті. Бол конкурс осымен 4-рет өткізіліп отыр. Биылғы сайыстың ерекшелігі – республикалық дейңгейде өтуінде.

Сайысқа қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 170 жас таланттар ниет білдірген. Алайда, ақтық сынға тоғызы ғана іріктеліп алынды. Үміткерлер іріктеуден өткен сценарийлері бойынша түсірген қысқа метражды 10 минуттық фильмдерін әкелген. Барлық фильмдердің көрерменге жеткізгісі келген идеясы байсалды.

Сонымен, сайыстың 1-орны «Өзіңді өзіңнен ізде» фильмінің авторы Қазыбек Убай есімді жас киногерге бұйырды. 2-орынды Алматылық Қалдыкөз Рахымжан қанжығасына байласа, 3-орынды Шымкенттік Арай Өсербай жеңіп алды. Қалған қатысушылар да назардан тыс қалған жоқ.

Олар түрлі номинациялармен марапатталды. Жобаның авторы Еркебұлан мырза «Бұл сайыс жас таланттардың қабілеттерін ұштауға мүмкіндік береді» дейді. Атаулы шара – әзірге Оңтүстіктегі киногерлерге арналған бірден-бір сайыс.