Úı ANONS Қарттыққа шипа болған орталық

Қарттыққа шипа болған орталық

Зейнет жасы — қарттардың тек үйде отыратын кезеңі емес. Бүгінде Шаян ауылындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жергілікті қариялардың бас қосатын сүйікті орнына айналған. Мұнда аға буын өкілдері фитнеспен айналысып, шипалы ем қабылдайды, жаңа кәсіп үйреніп, замандастарымен иық тіресе уақыт өткізеді. Бұл жобаның қарттардың денсаулығын түзеп, өмірге деген құштарлығын арттыруға тигізер септігі қандай?

 

Мұнда зейнеткерлер бақшаның бейнетінен гөрі фитнесті, ал жанға шипа іздегенде құрбы-құрдастармен сырласуды жөн санайды. Бақытгүл Тілесова да бақытты қарттықтың сырын осылай түсіндіреді. Шаяндағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ауыл қарияларын уақытты тиімді әрі қызықты өткізуге шақырады. Мұнда үлкен кісілердің ештеңеден таршылық көрмей, мазмұнды өмір сүруіне жағдай жасалған.

БАҚЫТГҮЛ ТІЛЕСОВА, БӘЙДІБЕК АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Велосипед және шаңғымыз бар оны тебеміз. Бәрі бар бұл жерде. Жақсы. Сонымен үйге сергек болып қайтамыз. Керемет болып, демалып. 10жасқа, 20жасқа жасарып қайтамыз».

Орталыққа келгендер медбикенің жіті қадағалауымен денсаулыққа пайдалы ем-дом қабылдайды. Бірі ем алып жатқанда, екіншілері бильярд пен шахматтан өзара мықтыны анықтайды. Бұл ойындар қимыл-қозғалыс пен зейінді ширатып қана қоймай, көңіл-күйді де көтереді. Мекеме мамандарының айтуынша, қариялар бұл жерде тек уақыт өткізіп қана қоймайды. Мұндағы басты мақсат — ата-әжелеріміздің ортадан шеттемей, өздерін қоғамға қажет сезінуіне жағдай жасау.

ДИНАРА МОЛДАБЕКОВА, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ: «Орталыққа күніне 30-35 адам келеді. Есігіміз таңғы тоғыздан кешкі жетіге дейін ашық. Алдымен қан қысымдарын өлшейміз. Сосын фитнеске барады. Кейін өзіне ұнаған қалаған ісімен айналысады».

Тоқылған шұлықтар, киім-кешек, үй ішін сәндейтін гүлдер мен түрлі бұйымдар. Ісмер әжелер бұлардың бәрін қолөнер үйірмесінде өз қолдарымен тоқиды. Мұндай істер саусақ қимылдарын жақсартып, ой-өрісті ұштаумен қатар, қариялардың өзара араласып, өмірлік тәжірибе бөлісуіне де септігін тигізеді.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі халық игілігі үшін жыл сайын ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Мәселен, тұрғындар үшін спорт клубтары ашылып, жаңа оқу орындары бой көтеруде, сондай-ақ ауылдарды газ, сумен қамту мәселесі де жүйелі түрде шешіліп келеді.

Ботакөз Әнуар