ОҚО ӘКІМІ «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

391
ОҚО ӘКІМІ «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының  төрағасы Жансейіт Түймебаев  партия филиалының бас  ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді.

Қоғамдық қабылдауға келген өңір тұрғындары ауылдық жерлерде емхана ашуды сұраса, бір қатары білім және ғылым саласының жайын айтып, дамыту бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Алдына келген әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдаған өңір басшысы айтылған ұсыныстар назарға алынатынын айтып, мәселелердің заң аясында оң шешімін табатынын жеткізді.

Мәселен, Төлеби ауданы, 1 Мамыр елдімекенінің тұрғыны Қапалбай Мырзақұлов  20 мыңға жуық халқы бар ауыл округіндегі емхананың ескіргенін айтып, жаңа емхана салуға қажетті қаражат бөлуді сұрады. Облыста жыл сайын әлеуметтік нысандарды оның ішінде денсаулық сақтау нысандарын салуға айрықша көңіл бөлініп келетінін айтқан әкім ақсақалдың ұсынысы ескерілетінін айтты.

Айта кетейік, биыл Шымкент қаласында заманауи типтегі жаңа онкологиялық, туберкулезге қарсы ауруханалар мен симуляциялық орталық салынады. Сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алдағы бес жылда облыста 10 нысанның құрылысы іске асатын болады.

ОҚО ӘКІМІ «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Мұнан соң қоғамдық қабылдауға келген Алматы қаласының тұрғыны, қазақ театрының іргетасын қалаушы, сыншы, драматург Жұмат Шаниннің немересі Райхан Шанина атасына облыс орталығындағы академиялық театр алдынан ескерткіш орнату жайын айтты. Осы ретте аймақ басшысы театр тарланының 125 жылдық мерейтойына орай облыста 20 мәдени іс-шараның жоспарланып отырғанына тоқталып, ескерткіш орнату жөніндегі ұсыныс мәдениет және спорт министрлігіне жолданғанын жеткізді.

Қоғамдық қабылдауда облысымыздағы ЖОО-дағы маман даярлау ісі және білім сапасы жөнінде де сөз қозғалды. Осы тұста өңір басшысы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің филология және тарих факультетінің деканы Нариман Нүрпейісовпен пікір алмасып, алдағы уақытта ұсыныс күтетінін айтты.  Қабылдау соңында декан облыс әкімін оқу орнында лекция оқуға арнайы шақырды.

Тұрғындардың өтініш-шағымдарын тыңдаған облыс әкімі халықты мазалаған бірқатар мәселелердің шешімін табудың заңды жолдары қарастыру үшін тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі