Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі, денсаулық сақтау министрлігіне қарасты медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің облыстық департаменті, облыстық «Даму» фармацевтикалық және медициналық қызметкерлер қауымдастығы препараттардың бағасының өсуіне жол бермеуге бағытталған меморандумға қол қойды. Мұндағы келісімге сәйкес 150 түрлі дәрінің бағасы жыл соңына дейін өзгермейтін болады.
Облыс әкімдікте өткен меморандумға қол қою шарасына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен дәріхана ұйымдары тарапынан 40 фармацевтикалық ұйым басшысы қатысты. Енді отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіруші компаниялар мен шетелдік тауарлардың ресми дистрибьюторлары 150 дәрілік заттың бағасын жыл соңына дейін көтермейтін болады.
— Меморандумға 150 түрлі дәрі-дәрмек енгізіліп отыр. Бұл дәрілердің әлеуметтік маңызы зор. Осылайша біз облыс тұрғындарының басым бөлігіне қолдау көрсетеміз. Халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау білдіріп, келісімге қол қойып отырған дәріхана басшыларына Оңтүстік жұртының атынан ризашылығымды білдіремін, — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетейік, бұл жолғы келісім облыстағы фармацевтік мекемелер мен дәріханаларда сатылатын дәрілік заттарды тұрақты бағада ұстауға, сонымен қатар бағаның негізсіз көтерілуінен тұтынушылар құқығын қорғау және әлеуметтік алаңдаушылықты болдырмауға арналды.
Фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы Л. Қашқымбаева ірі тасымалдаушы фирмалармен келісім-шарттар жасалып жатқанына тоқталды. Сондай-ақ дәріханалар желілерінің әлеуметтік жауапкершілігі турасында атқарып жатқан жұмыстарын баяндады.
Кездесуге қатысушылар тиісті меморандумға қол қою халық арасында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды қадам деп отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі