Шымкентте кейуана апатты үйде тұрып жатыр. Арнамызға шағым айта келген тұрғын осыдан 10 жыл бұрын мемлекеттен алған баспанасының бүгінде құлағалы тұрғанын айтады. Алайда, мамандар оны апатты деп тануға асығар емес дейді жалғызбасты ана.
Айжамал Өтебаева қысты осынау қабырғалары қақыраған жұпыны үйде өткізді. Қырық жамау болған баспанасын электр пешімен және газ баллонымен жылытып әлекке түседі. Айтуынша, жұмыс іздеп өзге өңірге кеткен ұлына бүгінде іздеу жарияланған. Айдың-күннің аманында перзентінен көз жазып қалған ана тұрмыс тауқыметінен әбден қиналдым деп зар илеп отыр.
Айжамал Өтебаева, тұрғын: «Жарыққа төлей алмай, қарызым көбейіп кетті. Өткенде жарықты өшіріп, суды өшіріп, бір кесе суға зар болдым. Тағы да қайталанбаса болғаны.»
2000 жылдары Өзбекстаннан көшіп келген Айжамал Өтебаева квотаға Достық елдімекенінен 2 бөлмелі үй сатып алады. Алайда, қуанышы ұзаққа созылмай, баспанасы 3-4 жылдан кейін сыр бере бастапты. Қабырғалары үгітіліп, тозығы жеткен тұрғын үйін сейсмонығайту үшін алдымен зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет екен. Алайда, айлап коммуналды қызметтерге төлей алмай қиналып жүрген кейуана оған кететін шығынды өтеуге шамам келмейді дейді.
Айжамал Өтебаева, тұрғын: «Маған 50 мың теңге төлейсің деді. Оны қайдан табамын? Мына үй биылдан қалса, құлайды.»
Ал сала мамандары бүгінде үйлерді сейсмонығайту үшін жүргізілетін зерделеу жұмыстарын арнайы лицензиясы бар мекемелер іске асырады дейді. Айтуларынша жекеменшік баспаналарды апатты не сейсмонығайтуды қажет етеді деп тану үшін жүргізілетін зерделеу жұмыстарының шығыны үйдің иесі төлеуі тиіс екен.
Марат Бектұрсынов, Шымкент қаласы ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары: «Жекеменшік үй болған соң зерделеу шығынын тұрғын, яғни, үйдің иесі төлеуі керек. Көп қабатты үйлердегі шығындар ғана мемлекет есебінен төленеді.»
Осылайша күнкөрісі қиын болып тұрған тұрғын басапанасының тұруға жарамсыз екенін құжат жүзінде дәлелдей алмай отыр. Амалы құрыған кейуана енді Елбасына хат жазып, көмек сұрамақ.
Мақпал Рысбаева