Шымкенттік еріктілер науқас қыздың өміріне араша түспек

382
"Қайырымды жандар Шымкент" еріктілер тобы

Бұл күні жастар орталығының ғимаратына күнгейліктер, оның ішінде жас толқын жай жиналған жоқ. Жәмила Байсерікованың еміне азды-көпті қауым болып, үлес қосу үшін арнайы бұрылды. Жыл бұрын 24 жастағы қыздың қос бүйрегі ауырып, дертке шалдығып еді. Енді жеткіншектің жағдайына қаламыздағы «Шымкенттің қайырымды жандары» еріктілер тобы қарайласып, қоғам болып көмектесуге шақырды.

Мәдина Ераливаның жасы 25-те. Жас әнші қайырымдылық концертке өз қалауымен келген. Кейіпкеріміз сахна төрінде тосылған жоқ. Туған елі мен жеріне деген риясыз құрмет-махаббатын әніне арқау етті.

Мәдина Ералиева, жас әнші: «Әнді орындаған кезде ерекше әсер алдым. Әдеттегідей көз алдыма Қазақтың дархан даласы мен төл тұрмысы ғана емес, адамдардың бір-біріне деген құрмет-махаббаты, сезімі, мейірімі елестеді. Енді мұнымен шектелмеймін, алдағы уақытта жанға жылулық сыйлайтын жаңа әндер жаздырамын.»

«Оңтүстік Цирк» әртістері

Шарапаты мол шараға Шымкенттің белгілі өнер майталмандары жұмылдырылған. «Шымкент шоу» театры да қайырымдылықтан қалыс қалған жоқ. Көпшілікті күлкіге қарқ қылатын жаңа қойылымының тұсауын кесті. Сондай-ақ, көңілді тапқырлар клубының өкілдері де кештің төрінен табылды. Жас өнерпаздар залдағы көрермендер алдында әзіл арқылы қоғамдағы келеңсіздіктер мен келелі мәселелерді қаузады. Ал игі бастаманы қолға алған » Шымкенттің қайырымды жандары» еріктілер тобының жетекшісі Дархан Ноғайбаевтың айтуынша, қуантарлығы сол – жергілікті өнерпаздар қайырымдылық шараға қатысуға өздері құлық танытқан.

Дархан Ноғайбаев, «Қайырымды жандар Шымкент» еріктілер тобының жетекшісі: «Халыққа әлеуметтік желі арқылы жарияланды, тұрғындар 1000 теңгеден билет алды. Сол түскен ақшаны толықтай, бір тиынына тиіспестен, біз Жәмиланың есеп-шотына аударамыз. Концертке қазір халықаралық үлкен дәрежеде өнер көрсетіп жатқан жұлдыздар келіп жатыр, одан кейін «Үміт» мектебі жұмыла өнерлерін ұсынуда. Сондай-ақ, біз өнерпаздардың ешқайсысына бір тиын да төлеп жатқан жоқпыз. Қайырымдылық концертке келіңіздер деген соң, бірауыз сөзімізді жерге тастамай, игі шараға атсалысып жатыр.»

Қайырымдылық кешке қаламыздағы «Үміт» мектеп-интернатының шәкірттері де шақырылған. Жас таланттар сахна төрінде жүрек түбіндегі, сезімге тұнған шығармаларын ұсынды. Айта өтетін ақпар, бүгінде қаламызда қайырымдылық жасаудан көш бастап жүрген «Қайырымды жандар Шымкент» еріктілер тобы бір жыл бұрын қызметін бастаған. Қазір құрамында 130 адам бар.