Сыйлағаныңа сақтағаныңды бер!

926

Ұлтымыздың «Сыбаға беру» деген салты бар. «Сыйлағаныңа сақтағаныңды бер» деп текке айтылмаса керек. Ерекше дәстүр. Қазы-қарта, жал-жая, май-құртын сарымайдай сақтап, келген қонақтың да алдына қояды. Алыста жүрген ұл-қызына сыбағасын беріп те жібереді. Ағайынды жақындастырады, бір-біріне құрметін арттырады. Ақ жаулықты апаларымыз сыбағаның түр-түрі бар екендігін айтады. Бәйдібек ауданының Ақбастау ауылында өткен «Сыбаға» этнофестивалінде осындай ұмытылып барa жатқан дәстүрімізбен қайта қауыштық.

Этнофестиваль Әдет-ғұрып салт-дәстүр орталығының ұйымдастырумен өтті. Осымен екінші рет ұйымдастырылған шараның мақсаты — ұлттық құндылықтарымыздың жойылып кетуіне жол бермеу.

– Жоба жыл бойына жалғасады. Басты мақсат – көне дәстүрлерді насихаттау. Ел арасында күні бүгінге дейін салтымызды ұмытпаған дана қариялар, ұлағатты ағалар мен ақ жаулықты аналарымыз бар. Көпті көрген, білгені мол қарияларды жастармен кездестіріп, олар келер ұрпаққа салт-дәстүрімізді түсіндіріп, ұмтылғандарын жаңғыртып, айтып береді. Тіпті, ұлттық тағамдарымыздың жасалу жолдарын көрсетіп, бірге дайындайды,-дейді Әдет-ғұрып салт-дәстүр орталығының басшысы Жәнібек Тағаев (суретте).

Фестивальде ауданның үш ауылдық округінің тұрғындары белсенділік танытты. Ақбастау ауылының дастарханы етке толды. Әр табаққа салынған сыбағаларды жөн-жөралғысымен тартты. «Болжаусыз сыбаға», «Сақталған сыбаға», «Құда-құдағидың сыбағасы». Ағайын-туыс пен көрші-қолаңның өзінің табағын ретімен жөнелтті. Әжелеріміз табаққа салынған бас, жамбас, кәрі жіліктерді қалай ретімен салу керектігін тайға таңба басқандай етіп түсіндірді. Ет желініп болған соң қариялардың батасынан кейін, алдындағы табақты келіндер алып кетіп, қалған сыбағаны жастарға үлестірді.

Көктерек ауылының қариялары айран-сүттен жасалған сыбағалардың тарихынан сырт шертті. Қарынға салған майын, қыс бойы сандықта сақталған құртын, жаңа туған ірі қараның ащы уызын қатырып, уыз көжесін дайындапты. Олардың әрқайсысының дайындау ерекшеліктерін таныстырды.

Боралдай ауылдық округінен жеткен қариялар қыстың соңында қап түбінде қалған дәнді-дақылдарынан жасалған ұлттық тағамдарын дастарханға қойды.

– Сыбаға дәстүрін әлі ұмытқанымыз жоқ. Құда-құдағи, туа-жекжат, ағайын-бауыры көп ұлтпыз. Олардың әрқайсысының сыбағасын сақтап отырамыз. Аяқасты келе қалса, малымызды сойып, өздеріне тиесілі табағын тартамыз. Балаларымыздың сыбағасы бір бөлек. Сақтап қойған қазым бар. Қыс бойы қоржындағы құртымды ешкімге бермей отырмын. Астанада балаларым , сосын қайынсіңілім тұрады. Соларға беріп жіберемін. Бұлар – қыс бойы құнарын сақтаған тағамдар. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында адамға қоңдануға да жақсы, – дейді Төлбасы Мұқанова (суретте).

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бөлім басшысы Гүлшат Жақанқызы ұмыт болуға айналған ұлттық тағамдарымыздың бірі — үлпіршекті дайындапты. Дайындауын бала кезінде анасы Зейнекүлден көргенін айтты.

– Ол кезде жасалу жолдары өзгеше болды. Анам жүрек пен қарабауырды еттартқыштан өткізіп, бүйенге салып істейтін. Соншалық үлбіреп тұратын. Кейін өзім ізденіп, Торғай өңірінің үлпіршегінің жасалу жолдарын үйреніп алдым,- дейді Гүлшат (суретте).

«Үлпіршек» – тұрмысқа кеткен қызға берілетін сыбаға. Төркіндеп келгенде не болмаса арнайы беріп жіберіп отырған. «Бізден кетсең де жүрегіміздесің» деген ойдан туған. Сиыр не жылқының жүрегінен жасалады. Жүректің үшкір жағы емес, төменгі тұсынан тесіліп, тазаланып, жуылады. Ішін қатпаршақтап тіледі. Осы қуыстарға қыстан қалған қазы, құйрық май, сүрленген етті ұсақтап турап, сарымсақ пен дәмдеуіштер араластырып, тығады. Сосын қазы секілді қуысты жіппен тігеді. Оны етпен не болмаса жеке өзін пісіруге болады. Кезінде үлпіршекті аналары ұнның арасында қыс бойы сақтаған екен.

Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ