Қарияларымен бірге тұратын көпбалалы отбасылар атаулы әлеуметтік көмектен қағылып отыр

374
Шардияр Отыншиев

Мәжілісмендер ел аралап «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс 19 съезіндегі қабылданған шешімдердің жергілікті жерлерде орындалуын тексеруде.

Мәжілісмендер Бәйдібек ауданы Шаяндағы №19 колледжде

Оразаның бірінші күні халық қалаулылары Бәйдібек ауданындағы проблемаларға қанықты. 55 мыңға жуық халқы бар Бәйдібек ауданында атаулы әлеуметтік көмекке 627 отбасы құжат тапсырған. Аудан комиссиясының шешімімен 428 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Әрбір отбасының есеп шотына қаржы бөлініп бұл мақсатта бюджеттен жалпы 98 млн. теңге бөлінді. Алайда ауданда атаулы әлеуметтік көмектен қағылғандар да бар.

Шадиярбек  Отыншиев

Шадиярбек Отыншиев, Бәйдібек аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы:
«Қаржылық көмекке мұқтаж 627 отбасының 150-ы құжаттары кері қайтарылды. Бір үйде тұратын қарт ата-аналарының зейнетақысы да  ескеріліп, табыстары асып түскен. Оларға атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Талап солай».

Атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмағандардың көпшілігі қарт ата-аналарымен бірге тұратын көпбалалы жанұялар екені мәжілісмендер үшін жаңалық емес екен.  Ортақ мүлік, мал басын есептегенде әрбір отбасы мүшесіне шаққанда табыстары 20 мыңнан асқан көпбалалы отбасылары өзге өңірлерде де наразылық білдіруде екен».

Шавхат Өтемісов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты

Шавхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Проблема бар. Табысы асып нақты көмекті қажет ететін отбасылары ала алмауда. Бұл мәселені үкіметке жеткіземіз. Ережеге өзгеріс енгізу бойынша ұсыныс жасаймыз. Бұл тек сіздердің аудандарыңыз Түркістан облысына  ғана тән мәселе емес,  өзге өңірлерде де түсінбеушілік бар».

Кездесуде атаулы әлеуметтік көмектен бөлек депутаттар баспанамен қамту бойынша үкімет тарапынан қабылданған шаралардан бәйдібектіктерді құлақтандырды.  Көпбалалы отбасылары енді жеке тізім бойынша кезекке тіркеліп баспаналы болады. Мүмкіндігі шектеулі баласын асыраған көпбалалы ана Фарида Жорабай мәжілісмендерге көкейінде жүрген сұрағын қойды.

Фарида Жорабай, Бәйдібек ауданының тұрғыны: «6 баламның біреуі мүгедек. Алматыдан, Астанадан пәтер алуға болады ма? Өйткені барлық оңалту емдік  шаралары  Алматы мен Елордада қолжетімді. Ауданда маған пәтер үсынды, бірақ мен келіспедім».

Заң бойынша әрбір көпбалалы отбасы тіркелген мекен -жайы бойынша баспанаға қол жеткізе алатыны түсіндірілді. Жиында шағын және орта бизнесті, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыспен қамту, отандық өнімдердің қатарын толықтыру мәселесі де талқыланды.

Шынар Оразова